Делидегі ата-аналар қаланы басқан қауіпті тұманға қарамастан, мектептердің қайта ашылғанына наразы. Олар қала әкімшілігі балалардың денсаулығына немқұрайлы қарап отыр деп есептейді. Ауа құрамындағы PM2.5 улы затының мөлшері дүйсенбі күні 500-ді көрсетіп тұр. Өткен аптада Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы Үндістандағы ауаның ластануы қалыпты деңгейден 70 есеге артып кеткен деп дабыл қаққан болатын. Осыған байланысты жабылған мектептер енді қайтадан жұмысын бастап отыр. 

2015 жылы жүргізілген зерттеу Үндістандағы 10 баланың төртеуі өкпе ауруынан зардап шегетінін көрсеткен. Дәрігерлер қауымдастығы ауаның ластануы балалар үшін өте зиянды екенін айтады. Ата-аналар "Балалардың мектепке жөтеліп, қиындықпен баратынын көріп, жанымыз ауырады" деп наразылық білдірді.

Дели - әлемдегі ең лас астаналардың бірі. Қаладағы өндіріс орындары мен автокөліктің көптігі жағдайды одан әрі ушықтыра түскен. Қалалық әкімшіліктің дүйсенбіден бастап жеке көлік қолданысына тыйым салу туралы жарлығы Экологиялық Соттың шешімімен жоққа шығарылды. Сотқа жеке көлікті пайдалану құқығы әйелдер мен дәулетті, лауазымды адамдар үшін сақталып қалғаны ұнамаған.

“The Qazaq Times”