Иран-Ирак шекарасында болған жер сілкінісінен құрбандар саны 200-ге жетті. Иранның Төтенше жағдайлар министрі Бенам Сайдидің дерегіне сәйкес, Керманшаш өңірінде 207 адам қаза тауып, 1 мың 700 адам жараланған. Ирак басшылығының хабарлауынша, Сүлеймания аумағында апат салдарынан 6 адам көз жұмып, 150 азамат жараланған. Бұл туралы APF ақпараттық агенттігі жазды. 

Иран мен Ирак билік өкілдері жер сілкінісі болған аумақтарға жолдың жабылуына байланысты көмек жеткізу не зардап шеккен азаматтарды іздестіру жұмыстары қиынға соғып жатқанын айтады. IRNA ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, "Қызыл крест" ұйымының 30 тобы апат орнына аттанған.

APF тілшісінің ақпаратына сәйкес, эпицентрінен 25 км қашықтыққа созылған жер сілкінісі Бағдадта 20 секундтай байқалып, өзге өңірлерге таралған. Иранда апат елдің батыс бөлігіндегі қалаларға әсер еткен. Жер сілкінісі сондай-ақ Түркияның оңтүстік-шығыс бөлігінде де байқалған. Диярбақырдағы тұрғындар баспаналарын тастап, уақытша басқа орындарға қоныс аударғаны туралы ақпарат тарады.

1990 жылы Каспийге жақын маңда болған 7,4 баллдық жер сілкінісі Ирандағы ондаған қалалар мен 200-ге жуық ауылды жер бетінен жойып, 40 мың адамның өліміне себепкер болған еді. Жуырда Иран мен Түркменстан шекарасында болған табиғи апаттан жүздеген адам жараланып, екі азамат көз жұмған.

“The Qazaq Times”