Қазақстандағы шекара бақылауы күшейгендіктен Қырғызстанның экономикалық шығындары 200 млн доллардан асты. Мұндай ақпаратты қырғыз үкіметі Халықаралық валюта қоры мәліметтеріне негіздеп жариялап отыр.

Қырғыз тарапының ақпаратынша, елдің делегациясы Дүниежүзілік сауда ұйымының Женева қаласында өтіп жатқан тауарларды саудалау жөніндегі кеңесіне қатысқан. Кездесу кезінде Қазақстанның ДСҰ-ның негізгі қағидаттарын, яғни қолайлы жағдай режимдерін, ашықтықты қамтамасыз ету туралы ережені, сондай-ақ транзит принциптерін бұзғаны туралы айтылған.

Кездесуге қатысушылардың сөзінше, бұл Қырғызстан экономикасы өсімінің 0,3 пайызға төмендеуіне әкеп соғады. Бұдан бөлек олар Қазақстанның мұндай әрекеттері тек жүк тасымалына ғана мақсатты түрде қолданылып отыр дегенді айтады.

Қазақстандық тарап болса, тексеру жұмыстарының қатаңдатылуы контрабандамен, контрафактілі тауарлармен күрес жұмыстарымен және  санитарлық және фитосанитарлық талаптармен байланысты екенін мәлімдеген.

Ал Қырғызстан тарапы ДСҰ-дан осы жағдайды объективті түрде бағалауды сұрады.

“The Qazaq Times”