Ресейдің заң шығарушы өкілдері АҚШ-тың бұқаралық ақпарат құралдарын "шетелдік агент" деп тіркеу туралы ұсыныс жасады. Олар жаңа ұсыныстың келесі аптада өз күшіне енгенін қалайды. Осыған дейін Америкадағы Ресейдің мемлекеттік Russia Today (RT) телеарнасының  Уашингтон тарапынан "шетелдік агент" түрінде тіркелуі талап етілді. Мәскеудің бұл әрекетке жауап ретінде наурыз айында болатын Президенттік сайлау қарсаңында қолға алатын шарасы Ресей мен АҚШ қарым-қатынасына айтарлықтай сызат түсіруі мүмкін. Бұл туралы APF ақпараттық агенттігі жазды. 

Мемлекеттік Дума өкілі Вячеслав Володиннің айтуынша, жаңа талаптар CNN және Voice of America сияқты Ресейде жұмыс істейтін америкалық БАҚ-қа әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ бұл ақпарат көздері өздерінің әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланымдар жасап отыратындықтан, Facebook, Twitter, т.б.  әлеуметтік желі компаниялары да "шетелдік агент" есебінде тіркелуі қажет болуы мүмкін.

Уашингтон өзінің Russia Today (RT) телеарнасын "шетелдік агент" ретінде тіркеуін  Ресей БАҚ-тарынан келетін жалған ақпаратпен күресу және шетелдік басылымдардың АҚШ-тың ішкі саясатына араласуына тосқауыл қою мақсатында деп түсіндірді. Вячеслав Володин "АҚШ әлемнің өзге елдеріндегі сөз бостандығы үшін бел шешіп күрескенімен, өз елінде бұл құқықтың бұзылуына көз жұмып қарайды", - дейді. Шенеуніктің пікірінше, АҚШ азаматтық құқықтар мен бостандықтарды бұзып отыр. Ресейдің ұстанымы бойынша АҚШ оның БАҚ құралдарына қандай шектеулер қойса, Мәскеу америкалық ақпарат өкілдеріне қатысты дәл сол қатаң талаптарды пайдаланатын болады.

Қыркүйек айында Russia Today (RT) телеарнасын Кремльдің пропагандалық қаруы деп есептейтін Уашингтон, ақпарат құралынан шетелдік өзге саяси мүдделерді қорғайтын заңгерлер мен лоббистерге арналған "Шетелдік агент туралы" заңға сәйкес тіркелуін талап еткен болатын. Телеарна басшысы Маргарита Симонян бұл туралы Ресей Президенті Владимир Путинге "Russia Today (RT)  және Спутник телеарналары АҚШ тарапынан қысымға ұшырап жатыр" деп хабарлаған. Мемлекет басшысы: "Біз өзімідің ақпарат құралдарымызға шектеу қойылғаны расталған бойда, жауап қатамыз", - деген еді.

2012 жылы Ресейде шетелден қаржыландырылатын үкіметтік емес ұйымдардың "шетелдік агент" есебінде тіркелуін талап ететін заң қабылданған болатын. Енді аталған заңға ақпарат құралдары да енгізілмек.

“The Qazaq Times”