АҚШ Кубаның азаматтары мен заңды тұлғаларына қарсы жаңа шектеулер енгізді. Американың бұл жолғы қара тізіміне Кубаның мемлекеттік компаниялары мен қонақ үйлер және дүкендері кірген. Сондай-ақ аралға сапар шегетін америкалық азаматтар да енді тек арнайы туристік топтың құрамында ғана саяхатқа шыға алады. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды. 

АҚШ Үкіметі жаңа шектеулердің осыған дейін Америка дипломаттарының құпия дертке шалдығуына байланысты болған жанжалға қатысы жоқтығын атап өтті. ВВС-дің Мексика мен Орталық Америкадағы тілшісі Will Grant АҚШ-Куба қарым-қатынастары қазір ең төменгі деңгейге түскенін айтады. Барак Обаманың кезінде қайта қалпына келе бастаған дипломатиялық қарым-қатынастардың өзгеретінін маусым айында Дональд Трамп бұрынғы Президенттің жобасынан бас тартатыны туралы мәлімдемесі арқылы білдірген еді.

Сонымен АҚШ-тың салқын қабағына төмендегілерді қосқанда, жалпы саны 180 кубалық компания іліккен:

  • Кубаның Ішкі істер және Қорғаныс министрліктері
  • 83 қонақ үй
  • 2 турагенттік пен 5 холдингтік компания
  • Гаванадағы 10 сауда дүкені
  • 2 ром зауыты

“The Qazaq Times”