Бейресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанда мұнай өндірумен 50 мыңнан астам адам айналысады. Ал мұнайға қызмет көрсету саласында 1 мұнайшыға 5 адамнан келеді. Яғни осы секторға қатысты жұмыстарға 300 мыңнан астам адам тартылып отыр деген сөз. Қарап тұрсақ, бұдан қазақстандықтардың көпшілігі мұнай саласынан табыс тауып отыр деген сөз. Осындай шикізаты мол ел бола тұра, бізде қаржы-экономикалық қиындық болмауы тиіс еді.  Алайда біздің бұл пікірімізді норвегиялық экономист Эрик С. Райнерт "Бай мемлекеттер қалай бай болды, ал кедей елдер неге кедей болып қала берді?" деген кітабында жоққа шығарады. Неліктен? Алматыдағы Халықаралық бизнес университеті өкілдері Эрик С. Райнерт кітабында айтылған пікірлерді Қазақстанмен салыстырып көрген еді. 

Эрик С. Райнерттің сөзінше, біз білетін кедей мемлекеттер әлі күнге дейін кедейлер қатарында. Автор қарастырған анализ бойынша бұл мемлекеттр алдағы 5-10 жылда дамыған елдердің қатарына кіруге мүмкіндігі жоқ. Олардың дамыған елдер қатарына кіре алмайтындығы сонау 1945 жылы анықталып қойған.

Осы жылдары Азиядағы көптеген мемлекеттер өздерінің тәуелсіздігін алды. Бірақ сол уақытқа дейін олардың бай мемлекеттер қатарына кіре алмауының механизмі қаланып қойды. Мысалы сол кедей мемлекеттердің 100-нің тек 10-ы ғана (Оңтүстік Корея, Сингапур сынды елдер) кіре алды. Ал бұл мемлекеттер шикізаттары жоқ мемлекеттер. Олар тек ғылыми техникалық прогреске ілесе алды. Мысалы Сингапурды алып қарайтын болсақ, олар тек жаңа технологияларды игеру арқылы алға дамыды.

Экономикалық теорияларды ескере отырып мынадай қорытынды шығаруға болады: Ресурсы бар мемлекет өз мүмкіндігін пайдаланып шикізатын өндіріп, өңдеп таза өнім шығара алмаса, ол мемлекет ешқашан бай мемлекет бола алмайды. Яғни автор пікірі бойынша біз Қазақстанға қатысты мынадай қорытынды жасай аламыз.  Қазақстан ресурстық мемлекет. Бізде Менделеев кестесіндегі әрбір элемент бар деуге болады. Қазақстан уран өндірісі бойынша бірінші орында. Ал біз оны өндіріп, таза өнім немесе энергия көзіне айналдырмайынша, басқа дамыған елдер үшін «колония» ретінде қала береміз.

Кітапта жазылғандай, кедей мемлекеттерді анықтау бойынша екі терапия қолданылады. Біріншісі Маршал моделі. Екіншісі Ганс Моргентау моделі.

Маршал моделі бойынша әрбір мемлекетке Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры, америкалық USAID (United States Agency for International Development) сынды агенттіктер келіп: «Біз сіздерге индустрализация жүру үшін ақша құямыз. Сөздер өздеріңіздің мемлекеттеріңізді дамытасыздар» дейді. Бірақ әлгі қаржының үстеме пайызы 35-40 пайыз. Ал бұл қаржыны алған мемлекеттер оны бір жылдан кейін қайтара бастауы тиіс. Осыдан келіп, сол қаражат жұмсалған өндіріс кепілдікке беріледі. Тағы басқа мемлекеттен қаржы алынады. Осы тұрғыдан алғанда Маршал моделі дамыған елдер үшін тиімділігі жоғары. Себебі олар құйған инвестициясын 5 жыл ішінде 5 еседен 10 есеге дейін қайтарып ала алады. Тіпті инвестиция салған өндірісті де өздеріне алады. Ал қарыз алған мемлекеттердің қарызы көбейе береді, тиісінше, өндіріс орындарын кепілдікке қойған соң олардан да айырылып қалу ықтималдығы жоғары. Бұған кітаптағы бір ғана мысалды келтіруге болады. Мысалы Дүние жүзілік банк Монғолия мемлекетіне 1970 жылы келіп, мемлекетке пайыздық мөлшерлемемен қаражат береді. Алайда Дүние жүзілік банктің қаржыны алғаннан кейін Моңғолияның қалай дамитыны туралы жасаған таныстырылымы бұған дейін Эквадорда да жасалған болып шығады. Яғни Дүние жүзілік банк осындай кіші мемлекеттердің даму механизмі қандай болатынын білгендіктен бірдей презентация жасайды деген сөз. Дегенмен осыған қарамастан монғол елі бұл ұсыныспен келісп, бағдарламаны жүзеге асырады. Ал осыдан кейін ауыл шаруашылығы дамыған Монғолия ірі қараны 33 млн басқа дейін көбейтіп, саудаға шығады. Алайда дүниежүзілік сауда ашылған соң мемлекет өзінің ішкі нарығын қамтамасыз ала алмайды. Тіпті нан шығарудың өзі 71 пайызға төмендейді. Осылайша Моңғолияның экономикасы бағдарлама салдарынан 5-10 жылда емес, 3-5 жылдың ішінде құлдырайды. Елдің экономикасы да, индустрализациясы да дамымай қалады. Ал Дүние жүзілік банк пен БҰҰ «Монғолия – ауыл шаруашылығы дамуға қолайсыз» ел деген қорытынды шығарады. Тіпті «бағдарлама берілді, қаржы құйылды, өздері жаңа технологияны дамыта алмады» деген ой айтады. Ал кітап авторы Эрик С. Райнерт  болса «4,2 пайызы электр энергиясымен қамтылған елде қалай жаңа технология дамиды?» деген пікір айтады. Яғни автор пікірі бойынша алып мемлекеттердің осындай бағдарламалары осылайша кедей елдерді құртып жібереді.

Енді мұны Қазақстанмен салыстырып көрейік. Қазақстан мұнайлы мемлекет. Осындай ұйымдар мұнай саласына көптеген қаржы құйып жатыр. Біз де біраз бөлігін 7-8 пайызын алып отырмыз. Ал біз мұндай тәуелділәктен шығуымыз керек.

Ал бұдан шығудың жолы – технологияны дамыту. Яғни осы өндірісті шикізат ретінде өндіріп қана қоймай, технологиялардың көмегімен өңдей алсақ біз тәуелділіктен шыға аламыз. Бірақ шетелдік мемлекеттер барлық технологияларды патенттеп алған. Мысалы бізге Жапония, Қытай, Германия сынды елдерден келетін дүниелерді құрастырғанымызбен, біз оны өзімізде жасап шығуға қорқамыз. Өйткені оның әрбір бөлігі патенттелген. Өйткені оны жасап шығарсақ, мемлекеттер арасында саяси дау-жанжал туындайды. Ал оны шешудің жолы – кадрларды дайындау. Яғни кадрлар басқа елден білім алу арқылы технологиялардың жаңа түрін жасап шығады.

Яғни кітап авторының идеясына сүйенер болсақ, Қазақстан ертеңгі күні мүлде кедей елдердің қатарынан табылмас үшін табиғи байлыққа сеніп қалмау керек. Бұдан бөлек, Эрик С. Райнерт айтып кеткендей, ауыл шаруашылығының өзі Қазақстан экономикасын жандандыра алмауы мүмкін. Себебі технологиясы дамыған елдер бұған да қысым жасаудың жолын ойлап табатыны анық. Сондықтан Қазақстан өзіндегі шикізат өндірісін өнімге айналдыра алуы тиіс.

“The Qazaq Times”