Сауд Арабиясында «әл-Каида» террорлық ұйымының басшысы болған Усама бен Ладеннің інісі Бакр тұтқындалды – деп хабарлайды Reuters ақпарат агенттігі.

Reuters мәліметінше, Сауд Арабиясында Binladin құрылыс компаниясының басшысы Бакр бен Ладен пара алды деген айыппен қамауға алынған. Бен Ладен отбасы ұзақ жылдардан бері Сауд Арабиясы королінің отбасымен жақын қарым-қатынаста болған. Себебі осы уақытқа дейін Сауд королінің отбасылық қаржысын Saudi Binladin Group қадағалап келген.  1967 жылы Усама бен Ладеннің әкесі Мохаммед әуе апатынан көз жұмғаннан кейін, аталмыш компанияны Салем бен Ладен басқарған. Қазіргі таңда компанияға Салемның інісі Бакр бен Ладен иелік етуде.

Естеріңізге салайық, қараша айының 5-сі күні Сауд Арабиясы королі Салман бен Абдел Азиз әл-Сауд жемқорлықпен күрес жайында жарлық шығарған. Осыдан кейін ел бойынша король отбасының 11 мүшесі мен бұрын министр қызметін атқарған 10 адам қамауға алынған. Бірақ шетелдік сарапшылар бұның барлығы жемқорлықпен күрес емес, таққа талас кезіндегі билік басындағы артық адамдарды король маңынан аластату деген баға беруде.

 “The Qazaq Times”