Бахрейн Катармен арада әлдеқашан шешімін тапқан территориялық дауын қайта бастады. Парсы шығанағы елдеріндегі дағдарысты сылтауратқан Бахрейн Халықаралық Соттың 2001 жылғы Зубара қаласы мен Хабар және Жанан аралдарына қатысты шешіміне келіспейтінін енді ғана айтып отыр. Бұл туралы Әл-Жазира ақпараттық агенттігі жазды. 

Бахрейннің мемлекеттік ақпараттық агенттігі жариялаған пресс-релизде: "Бахрейннің өзінен күшпен тартып алынған дүниелерді таласқа салуға және Катардың легитимділігіне қатысты күмән тудыруға толық құқығы бар", - делінген. Осыдан бұрын Катармен қарым-қатынасын үзген өзге араб елдерінің қатарындағы Бахрейн Парсы шығанағы елдерінің жиынына Доха өкілдері барса, өзінің қатысудан бас тартатынын хабарлаған болатын.

Бахрейн мен Катар арасындағы Зубара қаласы мен Хабар және Жанан аралдарына қатысты территориялық дау 1900 жылдардан бері бар. 1991 жылы Катар шешімін таппаған мәселені Халықаралық Соттың қарауына берді. 2001 жылы Халықаралық Сот Бахрейнге Хабар аралын, ал Катарға Жанан аралы мен Зубара қаласын беру туралы үкім шығарды. Осылай 16 жыл бұрын нүктесі қойылған мәселені қайта көтеріп отырған Бахрейн "Біз тарихи құқықтарымыздың көбін Парсы шығанағы елдерінің мүддесіне жығып берген екенбіз", - деп мәлімдеді.

“The Qazaq Times”