Ұлан-Батырда кезекті қазақ-моңғол бизнес кездесуі өз мәресіне жетті – деп хабарлайды Монцамэ ақпарат агенттігі.

Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында осымен екінші рет өткен қазақ-моңғол бизнесмендерінің кездесуін бұл жолы Қазақстан елшілігі, Моңғолия ұлттық сауда-өндірістік палатасы және «KAZNEX INVEST»  экспорт және инвестиция агенттігі ұйымдастырған. Қазақстанның Моңғолиядағы елшісі Қалыбек Қобландиннің сөзінше, қазақ-моңғол қарым-қатынасының дамуына инфрақұрылым мәселесі кедергі болып тұр. Бұл мәселені шешу үшін қос тарапқа ЕАЭО елдерінің көмегі қажет. Ал Қазақстан мен Моңғолияның туризм саласын дамыту үшін екі елді байланыстыратын әуе, көлік және темір жол рейстерін көбейту керек.

Қазіргі таңда Моңғолия Қазақстаннан ауыл шарушылығы техникаларын импорттайды. Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, биыл екі ел арасындағы сауда айналымы 29 миллион долларды құраған. Ал осы жолғы бизнес кездесудің қорытындысы бойынша, құны 13,3 миллион долларды құрайтын құжаттарға қол қойылған.

“The Qazaq Times”