Қытай Халық Республикасын айтқан кезде, Бейжің, Шанхай, Гуаңжу (Гуанчжоу), Шінжін (Шэньчжэнь) қатарлы ірі қалаларды, оған қоса дамыған инфрақұрылым мен көл-көсір байлықты елестетуге үйренгенбіз. Алайда, Қытайдың ауыл-қыстақтарындағы жағдайларды елестетіп көрдік пе? Әлемнің екінші ірі экономикасы деген сөз ҚХР-ға телінгенімен, бұл ел халқының бәрі ырғын байлықта отыр деген сөз емес. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары жаңа реформаны қолға алғаннан тартып, Қытай үкіметі «халықты кедейліктен құтқару» деген ұранды аузынан тастаған емес. Өткен аптада соңына шыққан Қытай Компартиясының құрылтайында да ел басшысы Ши Жинпиң (Си Цзиньпин/ Xi Jinping) халықты кедейліктен құтқарамын деп уәде етті.

Осыдан 68 жыл бұрын билікке келген коммунистік режим өз билігін қамтамасыз ету үшін, Қытайдағы барлық ұлттарды бейбіт, дәулетті, жақсы тұрмысқа жеткізуге уәде еткен. Ал бүгінгі күні Қытай басшысы Ши Жинпиң коммунистерге осы уәдесін ұмытпауға шақырып, 2020 жылға барғанда ауылды жерлердегі кедейлік көрсеткішін ең төменгі шекке жеткізуге уәде берді. Тіпті бұны өзінің саяси амбициясы, мұрагерлік ісі ретінде қабылдайтынын айтты. Ши Жинпиңнің бұл сөзі күндік табысы 6,3 юаннан (шамамен 321 теңге) аз болған қытайлықтарға бағытталды. Ал бұндай төмен табыстағы қытайлықтардың саны 43 млн адамнан асады. Бұл Қытай үкіметінің белгілеген кедейлік шегі. Қытай үкіметінің көрсеткен статистикалық мәліметіне қарағанда, 5 жыл бұрын бұл көрсеткіште 100 млн адам болған.

Өткен апталарда Қытай басшысы өзінің ұстанымын, атқаруға тиісті стратегиялық жоспарларын нығайту үшін, ҚКП-да Мау Зыдоңнан кейінгі маңызды саяси тұлға ретінде, өз идеясын партия жарғысына енгізді. Ол және халықтың өмір сүру сапасын басты орынға қоятынын аңғартып, экономикалық қысқартуды алға қойды. Осылайша компартия Қытайдағы өзінің жаңа дәуірін ашты деп жар салды. Алайда, Ши Жинпиңнің жоғары көзқарасы мен Қытайдың ауылдық жерлерінің шынайы жағдайы арасында үлкен айырмашылық бар. Қытай ауылдарында да жастар түгелімен ірі қалаларға ойысқан. Ауыл тұрғындардың басым көбі қарттардан тұрады. Ауылдық жерлерде білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер әлі де әр түрлі деңгейде. Ал ірі қалалардағы жұмыс күштерінің басым көпшілігі орта білім алғандардың ойын алаңына айналған. Бұл көрсеткіш жылдан жылға өсіп келеді.  Әлемдік банктің (World Bank) көрсеткен мәліметіне қарағанда, елдегі 500 миллионға жуық адамның күндік орташа кірісі 5,50 доллардан төмен тұрады.

Қытай компартиясының ұраны – барлық қытайлық азаматтар бірдей сапалы өмір сүруін қамтамасыз ету. Алайда қазір Қытайда көптеген қаржы алыптары, миллиардерлер, миллионерлер мен бірге тұрмыс деңгейі төмен халықтар өмір сүріп отыр. Бұлардың арасындағы алшақтықты қысқартудың өзі де үлкен қайшылықтарға алып келері анық. Экономикалық жаңаруды жетілдіруге бағытталған күш-жігер Қытайды соңғы әлемдік державаға айналдыра бастағанымен, ол әлі де дамушы ел болып келеді. Себебі, тұрмыс жағдайы төмен халық саны әлі де көп. Ал бұл жағдайға экономикалық дамудың бәсеңдеуі және өңдеуші сектордағы жұмыс орындарының жоғалуы аз қамтылған отбасыларға қысымның артуына әкелуі мүмкін. Осы аталғанның бәрі де «Ши Жинпиң идеясын» жүзеге асыруына үлкен кедергілер.

«Барыс ел» боламыз дегеніміздей, Қытай жұрты «айдаһар» болғысы келген шығар, бірақ ресми түрде өзін айдаһар деп атаған емес. Мүмкін оны біз солай деп атадық. Бізді солай атауға итермелеген не нәрсе? Бұған барлық коммунистік партия билеген елдерге тән, жоқты бар етіп көрсеткіш, көпірме саяси қызыл сөзге толы мәліметтерден тұратын ақпараттардың ықпалы болмай қалған жоқ. Ақпараттық соғыс дәуірінде киноларынан тартып, шетелге шығаратын заттарына бейнеленген айдаһар символдары бізді осы бір мифке үйретіп-ақ жатыр. Бір жарым млрд халқы бар елде, «күннен жаралған құдіретті компартияның» сәулесі түспей қалған ауылдар жетіп артылатынын білеміз бе? Қытай басшысының кедейліктен құтқарамын деп берген уәдесі ол айтқандай оңай іс пе?

Не дегенмен Қытайдың биліктегі партиясы бір жаңаруға жол тартты. Олар партияларының 70 жылға жуық толықтай орындай алмаған уәдесін жүзеге асыра ала ма, жоқ па – бұл өз алдына бір мәселе. Қытайда қазір «Ши Жинпиң идеясының» жалауы желбіреп тұр. Бұқаралық ақпарат құралдарына назар аударғанымызда көбінің ауылды жерлердегі су, электр, газ, емдеу және білім беру сапасы туралы көптеп ресми хабарлар таратып жатқаны байқалады. «Кедейліктен арылу ұраны» Қытайдың түкпір-түкпірін шарлап жүр.

Ел ішінде халықты жақсы тұрмысқа жеткізуді партияның негізгі міндеті етіп белгілеген Қытай басшысы, Оңтүстік Шығыс Азия мен Африканы қаржыландыру бағдарламасын бекітті. Тіпті осы өңірлерді Қытай тәжірибесінен үлгі алуға шақыруда. Қытай басшысы өз жобасын ортаға салғанымен оны жүзеге асыруда кедергілер көп. Әйтсе де бұл сол елдің стратегиялық жоспарына мықтап енді. Осы аталған қадамдарынан бізге үйренетін де, жиренетін де, сақтанатын да селбесетінде тұстары көп. «Жақсы тұрмысқа жетіп алып», бәсекеге қабілеттілікке ұмтылып жатқан еліміз үшін шығыс іргемізден аңдауға тиісті жайт осы. Дегенмен, «айдаһардың азуы болса, бөрінің Тәңірі бар», тарих таразысы халықтарды төккен қан мен теріне қарай салмақтайтыны шын.

“The Qazaq Times”