Ресей Қазақстанның латын әліпбиіне көшуіне байланысты өз көзқарасын білдірді.

РФ сыртқы істер министрінің орынбасары Григорий Карасин «Ресей-24» телеарнасына берген сұхбатында ресми Астананың латын әліпбиіне көшуге байланысты қабылдаған шешіміне пікір білдірген. Ол онда: «Біз бұған қалыпты жағдай ретінде қараймыз. Қалай дегенде де бұл Қазақстанның ішкі саясаты. Біздің оған араласуға құқығымыз жоқ. Алдағы уақытта біз Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасымызды нығайта беретін боламыз. Қазақстан латын әліпбиіне өтсе де біз орыс тілін латын әліпбиі негізінде пайдалануды ойластыратын боламыз» - деген.

Бұған дейін Ресейдің Қазақстандағы елшісі Михаил Бочарников латын әліпбиі жайындағы мәлімдемесінде: «Қазақстан орыс тілін ресми тіл ретінде Ата Заңына бекіткен санаулы мемлекеттердің бірі. Ресей тәуелсіз Қазақстанның латын әліпбиіне көшуіне түсіністікпен қарайды», - деген болатын.

Естеріңізге салайық, Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазан айының 27-сі күні қазақ тілін кириллицадан латын әліпбиіне көшіруге байланысты заң жобасына қол қойған.

“The Qazaq Times”