Шымкенттің әкімі енді "Нұр Отан" партиясының хатшысы қызметін атқаратын болды. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі хабарлады. 

"Нұр Отан" партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың келісімі бойынша партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Орталық аппарат ұжымына партияның жаңа хатшысы Ғабидолла Әбдірахымовты таныстырды. Ал бұған дейін осы қызметте болған Зауытбек Тұрысбеков басқа қызметке ауысты", - делінген баспасөз хабарламасында.

Айта кетейік, Зауытбек Тұрысбеков маусым айында Президент шешімімен  Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған болатын.

Әбдірахымов Ғабидолла Рахматоллаұлы 1975 жылы 23 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келді. Экономист және мемлекеттік әкімшілік басқару мамандықтары бойынша жоғары білім алған. Ғ.Әбдірахымов "Нұр Отан" партиясының хатшысы қызметіне тағайындалғанға дейін Шымкент қаласының әкімі болды.

Әбдірахымов көпшіліктің есінде көп қалған әкімдердің бірі. Өйткені ол бірде велосипедпен жүріп, салауатты өмір салтын ұстанса, енді бірде қызметкерлерінен автобуспен жүруді талап еткен және өзі де көпшілікпен бірге қоғамдық көлікке отырған болатын. Әрі "Шымкент қаласы ең ірі мегаполис болады" деген де осы Ғабидолла Әбдірахымов еді.

“The Qazaq Times”