Ресей қазақ тілінің латын графикасына өтуіне түсіністікпен қарайды. Мұндай пікірді Ресейдің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарников мәлімдеді.

"Қазақстан - Конституциясында орыс тіліне ресми статус берген мемлекеттердің бірі. Ресей тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тілінің латын графикасына өтуі туралы шешіміне түсіністікпен және құрметпен қарайды", - деді ол Астанада өтіп жатқан ҚР  Парламент мәжілісі мен Ресейдің мемлекеттік думасы парламентарилерінің кездесуінде.

Оның сөзінше, Қазақстанда орыс тілі позициясының сақталып қалуы маңызды.

"Президент Нұрсұлтан Назарбаев және ҚР Ресми өкілдерінің мәлімдемелеріне сүйенсек, орыс тілінің позициясы сақталып қалады, орта мектептерде орыс тілінен сабақ өткізу жалғаса береді. Себебі Қазақстан азаматтарының орыс тілін еркін сөйлеуі - республика жетекшілері үшін Қазақстанның мәдени артықшылығы", - деді Бочарников.

Айта кетейік, бұдан бұрын Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысының Бурабай кентінде «Хабар» телеарнасына сұхбат беру кезінде "латын әліпбиіне көшу орыс тілінен бас тарту деген сөз емес" деген еді.

"Латын әліпбиіне көшу орыс тілінен немесе кириллицадан бас тарту деген сөз емес. Орыс тілінде шығатын барлық басылымдар бұрынғыдай шыға береді, яғни Қазақстанның  орыс тілді азаматтары үшін кириллица қалады", - деген Президент сұхбат барысында.

Ал осыдан кейін қоғамда әртүрлі пікір пайда болды. Бірі Президенттің бұл сөзінен кейін "ендеше жаңа әліпбиге көшудің не қажеті бар?" десе енді бірі "Қазақстан үшін орыс тілі әлі де үстем" болатынын айтқан.

“The Qazaq Times”