Бүгін Астана қаласында жетінші реткі Сүрия келіссөзі басталады. Келіссөз екі күнге созылады. Жексенбі күні Астанаға әр елден делегациялар келе бастаған. 

ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Ресей делегациясына РФ Президентінің Сүрия жөніндегі арнайы өкілі Александр Лаврентьев, Түркия делегациясына сыртқы істер министрінің орынбасары Седат Онал, Иран делегациясына сыртқы істер министрінің орынбасары Хусейн Джабери Ансари басшылық етеді.

Алдағы кездесуге Сүрия үкіметінің және сүриялық оппозицияның, сондай-ақ байқаушы ретінде БҰҰ, АҚШ және Иорданияның өкілдері қатысады.

"Алдағы кездесу Сүрияда ұрыс іс-қимылдарын доғару режимін нығайту бойынша қол жеткізілген нәтижелерді сақтауға, сондай-ақ дағдарысты саяси реттеуге өту кезеңінде аталған елдегі жағдайды әрі қарай тұрақтандыру шеңберінде күш-жігерлерді арттыруға бағытталған", - делінген министрліктің баспасөз хабарламасында.

“The Qazaq Times”