Әр минут, әр сағат, әр күн сайын елімізде, әлемде халықты елең еткізер маңызды жаңалықтар болады. Ал оның бірі көзге ілінсе, енді бірі назардан тыс қалып жатады. Ендеше The Qazaq Times оқырмандары үшін осы аптада болған ең маңызды экономика жаңалықтарына шолу жасайды.

Ақышев: Криптовалютаның не екенін менің өзім әлі түсіне қойған жоқпын

ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев 25 қазан күні Орталық коммуникация қызметінде өткен баспасөз конференциясында криптвалютаның не екенін әлі түсіне қоймағанын мәлімдеді.

"Мен криптовалютаның не екенін өзім әлі күнге онша түсіне қойған жоқпын. Бұл не ортақ қалыпты эмитенті, не бірыңғай орталықтандырылған органы жоқ құрал. Тіпті ештемеге тіркелмеген және оның құны спекулятивті операцияларға негізделген. Сондықтан адамдар инвестициялағысы келетін мұндай активтердің сақталуын ешкім қамтамасыз еткісі келмейді", - деді Ақышев.

Шаяхметова банктерге берілетін қаржының біраз бөлігі жоғалуы мүмкін екенін жоққа шығармайды

Халық банктің басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова Ұлттық банктің банк секторының қаржылық тұрақылығына қатысты бағдарламасына баға берді. Ол бағдарлама бойынша банктерге берілетін қаржының біраз бөлігі жоғалып кетуі мүмкін екенін жоққа шығарған жоқ.  "Жалпы, банк секторына арналған бағдарлама қолайлы, мен оны оң бағалап, қолдаймын. Бірақ мұндағы мәселе банктердің бағдарламаны қалай қолданатынында болып отыр... Алдағы уақытта қаражат жоғалуы мүмкін", - деді ол кеше Халық банктің бас кеңсесінде өткен баспасөз конференциясында.

Бозымбаев қараша айында бензин тапшылығы болмайтынына уәде берді

ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттары (МӨЗ) қайта іске қосылғаннан кейін қараша айында бензинге сұраныс біртіндеп азаяды деп мәлімдеді.Оның сөзінше, келесі айда бензин сұранысы 270-280 мың тонна көлемінде болады.

Қырғызстанның мемлекеттік кеден қызметі төрағасының орынбасары Замирбек Ниязалиев "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер Қазақстан үшін 1 млрд долларынан айрылды" деп мәлімдеді.

Қырғызстан билігі: ЕАЭО Қазақстан үшін 1 млрд долларынан айрылды

Sputnik Кыргызстан басылымының мәліметінше, кеден органының қызметкері, сондай-ақ  экономика министрі Артем Новиков ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың Қырғызтанға қарата айтқан мәлімдемесін дұрыс емес және негізсіз деп есептейді. Оның сөзінше, Қазақстан үкіметінің әдісі бойынша есеп жүргізсе, ЕАЭО-ның жоғалтқан қаражаты тек Қырғызстан үшін ғана емес екен.

“The Qazaq Times”