Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша халыққа медициналық көмек көрсету 2018 жылдың 1 қаңтарынан басталмайды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі аталған жүйе бойынша медкөмек көрсету мерзімін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастау туралы шешім қабылдады. Аталған заң жобасы мәжілісте талқыланды.

"МӘМС-ке өтудегі негізгі проблема өзін өзі жұмыспен қамтығандарды анықтауда болып отыр. Сондықтан осыған байланысты, сіздердің назарларыңызға заң жобасы ұсынылады. Бұл бойынша МӘМС-ке қатысушыларға медициналық көмек көрсету мерзімін 2020 жылдың 1 қаңтары деп және жеке тұлғалардың, қызметкерлердің, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың,  жеке кәсіпкерлердің, сондай ақ, мемлекеттің (жеңілдік қарастырылған азаматтарға) жарна төлеу мерзімін 2020 жылдың 1 қаңтары деп нақтылау ұсынылып отыр", - деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева.

Оның сөзінше, азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша табыс алатын жеке тұлғалардың аударатын жарналары 5%-дан 1%-ға дейін төмендетіледі. Ал жұмыс берушілерден жиналатын жарна көлемі 1,5% деңгейінде 2018-2019 жылдар аралығында жалғасады.

Айта кетейік, бұдан бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі кемшіліктерге назар аударып, аталған жүйені енгізуге асықпауға шақырған еді.

“The Qazaq Times”