Жақын күндері АҚШ әскері бастаған Сүрия күрд-араб күштері Эр-Ракка қаласын үш жылға созылған "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымының билігінен азат етті. Халифаттың де-факто астанасы саналатын қаладағы жеңіс террористік ұйымға қарсы күреске жаңа леп берді. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды. 

Сүрияның демократиялық күштері Эр-Ракка қаласын азат ету операциясын маусым айында бастаған. Бұл Ирак әскерінің АҚШ-тың әуе және құрлықтағы күштерінің көмегімен 9 айға созылған қақтығыстан кейін Мосул қаласын қайтарып алу сәтінен кейін болды. Жуырда Ирак әскері "Ислам мемлекеті" ұйымына тағы да үлкен соққы беріп, оларды Ефрат өзенінің батыс бөлігіндегі шөлді аймаққа ығыстырды. Аталған ұйым әлі де Дайр-әз-Заур қаласы маңындағы үлкен аумақты бақылауында ұстап отырғанымен, ондағы содырлар Ресейдің қолдауына сүйенген Сүрия Үкіметі мен Хезболла, Сүрияның Демократиялық күштерінің қысымында қалып отыр.

Эр-Ракка "Ислам мемлекеті" 2014 жылы бірінші болып жаулап алған қалаларының бірі. Қаланы азат ету үшін 2015 жылы Күрдтер мен араб топтарынан құрылған Сүрияның Демократиялық күштері АҚШ-тың әуе күштерінің қолдауына сүйеніп, 4 мыңға жуық бомбы лақтырған.

Адам құқықтары жөніндегі The Syrian Observatory ұйымының есебінше, осындай әуе соққыларынан 3 мың 250 адам қаза тапқан. Олардың арасындағы бейбіт тұрғындардың саны - 1 мың 130. БҰҰ 270 мың азамат өз үйлерін тастап босып кеткенін айтады.

"Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымы қаржыны қайдан алады?

Олар Ирак пен Сүриядағы мұнайлы аудандарды басып алып, соны саудалап келді. Дегенмен соңғы жеңілістердің әсерінен,  біраз табиғи байлығы мол аудандарды уысынан шығарып алды. Онан бөлек, террористерді астыртын қаржыландыратын мемлекеттер мен ұйымдар бар. Содырлардың табыс табу жолдарының тағы бірі - жергілікті халықтан жиналатын салық, мүлікті күшпен тартып алу және адам ұрлығы.

“The Qazaq Times”