Алматыда Алаш Орданың 100 жылдығына орай «Алаш Орда және ұлт-азаттық идеясы» атты ғылыми-практикалық конференция  өтті. Дәл осы күні алаш қозғалысына арналған салтанатты кеш болып, оған мәдениет пен өнер өкілдері, қоғам қайраткерлері, жастар қатысты.

Айтулы шараны ашқан Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек  20 ғасырдың басында «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің тәуелсіздік үшін күрескенін атап өтті. Мемлекеттікті, ұлттық сана-сезімді сақтау үшін олардың басым көпшілігі өмірлерін қиды.

«Сол кездегі қазақ интеллигенциясы тәуелсіздікке жетудің стратегиясы мен тактикасын жасауға ұйытқы болды. Алаштықтар өз армандарының орындалатынына сенді және  халықты бірлік пен Тәуелсіздікке шақырды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында: «18-19 ғасырларда Қазақ хандығы құлағаннан кейін қазақтардың арынды рухы бұрқ етіп сыртқа шығудың әртүрлі жолдарын қарастырды. Сол кезде қазақтарда өз мемлекетін құру үміті тағы да ояна бастады. Алашорданың көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және басқалар болды» деп атап өткен еді», - деді Б.Байбек.

Осыдан тура 100 жыл бұрын, яғни 1917 жылдың 21-26 шілдесі аралығында Орынбор қаласында Жалпықазақ съезі шақырылып, сол кезең үшін ең өзекті деген мәселелер съезд делегаттарының талқысына ұсынылды. Төрағасы – Халел Досмұхамедов, төраға серіктері – Ахмет Байтұрсынұлы, Әлмұхамед Көтібаров, хатшылары – Міржақып Дулатов, Ақылбек Сейітовтер болған бұл съезде «Алаш» ұлттық-демократиялық партиясының іргесі қаланып, мемлекеттің тәуелсіздігін айқындайтын ең өзекті мәселелер сөз болды.

Артынша, 21 қарашада «Алаш» партиясының бағдарламасы «Қазақ» газетінде жарияланды. Онда Қазақ автономиясын құру жайлы айтылған еді. Өкінішке орай, Алаш арыстарының арман-мұраттары сол кезеңдегі отаршылдық және тарихи жағдайларға байланысты жүзеге аспай қалды.

«Бүгінгі күні біз ұлттың тағдырына, оның көшбасшылары мен жалпы халыққа әр дәуірдің жүктер міндеті мен талабы әрқилы болып келетінін айқын сезініп жүрміз. Алаш арыстарының асқақ армандарының жүзеге асқанын, Қазақстанның тәуелсіз ел болғанын көру бақыты мына отырған Сіздер мен біздің маңдайымызға жазылыпты», - деді әкім.

“The Qazaq Times”