Моңғолияның экс-қорғаныс министрі тұтқындалды, деп хабарлайды ARD ақпарат агенттігі.

Агенттік мәліметінше, Моңғолияның бұрынғы қорғаныс министрі Мишигийн Содномпил «аса ірі көлемде пара алды» деген айыппен қамауға алынған. Айыптаушы тараптың сөзінше,  Содномпил 2013 жылы Монғолия аумағында қуаттылығы 348 МВт болатын «Амгалан» жылу станциясын салуға байланысты өткізілген тендерді қытайлық компанияға алып беру үшін ірі көлемде пара алған. Моңғолия жемқорлыққа қарсы қызметінің таратқан ақпараты бойынша, қытайлық компания тендерді Мишигийн Содномпилдің көмегімен ұтып алған.

Мишигийн Содномпил 1965 жылы Моңғолияның  Тэс Увс аймағында дүниеге келген. Ол 2004 жылы парламент депутаты, 2006 жылы қорғаныс министрі, 2013 жылы энергетика министрі қызметтерін атқарған. Содномпил дәл осы энергетика министрі болып тұрған кезінде қытайлық компаниядан пара алған.

“The Qazaq Times”