Жақында Тараздық оқушының Стивен Хокингпен кездесуі тағы кейінге шегерілді, – деп хабарлайды  Tengrinews  тілшісі. Бұл туралы Исаак Мустопуло Facebook желісіндегі парақшасында мәлімдеді.

Тараздық оқушы Исаак Мустопуло ағылшын ғалымы Стивен Хокингпен 8 жолтақсанда кездесуі керек болған. Сол уақытта ол фейсбук парақшасында қуанышымен бөлісіп: «Армандар орындалады! Мен Хокинг мырзаға менің елімнің қандай екенін, біздің еліміздің қандай екенін айтамын», – деген болатын. Алайда, оқушының сапары 2017 жылдың, 21 қаңтарына ауыстырылған еді. Таяуда ол кездесудің де Стивен Хокингтің уақытының тығыздығына байланысты кейінге шегерілгендігін АҚ  "Технологиялық даму бойынша ұлттық агенттік" өкілдері хабарлады.

Исаак Мустопуло аталмыш агенттік ұйымдастырған  конкурстың арнайы жүлдесіне ие болған. Жүлдені табыстау кезінде оқушы Хокингпен кездесуді армандайтынын, өзінің де физик болғысы келетіндігін айтқан. Агенттік қызметкерлері балаға көмек беруді ойластырып, әлемге әйгілі ғалымның адамдарымен келіссөз жүргізеді.   Кейін ғалым кездесуге қарсы емес екенін жеткізген болатын.

Ұлттық агенттіктің маманы Дамир Төлеусариев былай деп мәлімдеді:

"Қазірде бұл сапарды Қазақстандағы British Council қолға алған. Олар Хокингтің командасымен жиі хабар алысып тұрады. Ал ғалымның айналасындағылар кездесуді Стивеннің уақыт тығыздығы мен денсаулық жағдайына байланысты шегере тұруды сұрайды. Кездесу болмайды деген сөз емес, тек кейінге қалдырылды. Уақытын шамалап та айта алмаймыз. Бірақ, кездесу ұзақ уақытқа қалдырылмағандығын айтты".

"The Qazaq Times"