Каталонияда өткен референдум әлем халқының назарын аударып, Испания билігінің наразылығын тудырғаны туралы осыған дейін күнделікті жазып отырдық. Бүгін Каталония Президенті Карлс Пуджемонттың күні кеше ВВС берген сұхбатында келесі аптаға қарай  тәуелсіздік жариялауға бел байлағаны туралы мәлімдемесінен кейін, автономиялық өңірдің Испаниядан іргесін аулақ салғаннан кейінгі өмірі қандай боларын талдап көрдік. 

Каталония – Пиреней жартытүбегінің солтүстік-шығысында орналасқан Испанияның автономиялық өңірі. Астанасы – Барселона. 7,5 млн каталондықтар мекендейтін аймақты Испанияның уысынан шығарғысы келмеуіне себеп жетерлік. Мәселен:

  •  Каталонияда Испания халқының 16 пайызы тұрады;
  • Испания экспортының 25,6 пайызы Каталонияға тиесілі
  • Испанияның ЖІӨ 19 пайызы Каталонияның есебінен толығады;
  • Шетелдік инвестицияның 20,7 пайызы Каталонияға келеді;
  • Испанияға жыл сайын келетін 75 млн туристің 18 млн Каталонияны таңдайды
  • Тарагонада Еуропадағы ең үлкен химиялық заттар өндіретін хаб бар;
  • Барселона порты Еуроодақтағы ең ірі 20 порттың қатарына кіреді.

Каталония Испаниядан еншісін алуға  бұрыннан талпынып келеді. Еуропаға белгілі бұл сепаратистік қозғалыстың нәтижесінде каталондықтар өздерінің испандықтардан бөлек ұлт екенін дәлелдеп, каталон тілін ресми түрде мойындатып, автономияға қол жеткізген. Қазір Каталонияның өз Президенті, туы мен әнұраны, заң шығарушы Парламенті бар. Онан бөлек, каталондық қауіпсіздік қызметі мен осы өңірдің шет мемлекеттермен байланысын жүзеге асыратын шағын консулдықтар да жұмыс істейді.

Испания билігінің 2014 жылдың 13 сәуірінен бастап референдум өткізуге тыйым салған жарлығына қарамастан, сол жылдың қараша айында болған  тәуелсіздікті қолдайтын жалпыхалықтық дауыс беру шарасына 2,25 млн ғана азамат қатысып, олардың 80 пайызы егемендікті қалайтындарын білдірген. Осы жылдың 1 қазанында өткен референдумға автономия азаматтарының 43,2 пайызы қатысып,   дауыс бергендердің 90 пайызы Тәуелсіздікті қолдаған.

Каталония халқының Испаниядан бөліну туралы бастаманы қызу қолдауы өңірдің орталық қазынаға өткізіп отырған пайдасы тым артық, бір сөзбен «Мадрид бізді тонап отыр!» деп топшылауына байланысты. Әлеуеті мықты өңір Испанияның өзге бөліктеріне қарағанда салықты да басы артық төлейді. Мысалы, 2014 жылы Каталония Испания бюджетіне 10 млрд $ салық төлеген. Каталонияның тәуелсіздіктен кейінгі болашағына күдікпен қарайтындар салықтан үнемдеуге қолжеткізгенімен, жаңа қоғамдық институттар, көп ғимараттар салу орасан зор шығынды талап етеді деген пікір айтады.

Дегенмен Каталонияның 77 млрд доллар сыртқы қарызы барын да ұмытпау керек. Каталонияның ЖІӨ-нің 35,4 пайызын құрайтын қарыздың 52 млрд доллары Испания Үкіметінен алынған. 2012 жылы бүкіләлемдік дағдарыс кезінде Испания Үкіметі халықаралық нарықтан қарыз сұрай алмайтын өңірлері үшін арнайы қор құрған. Сол кезде Каталонияның иелегіне өткен жоғарыда көрсетілген қаржыны қайтару тәуелсіздіктен кейін міндеттелетіні белгілі. Енді маңызды сұрақ: Тәуелсіздіктен кейін Каталония қарызын шығынға батпай қайтара ала ма? Әлі күнге автономияның дербестігін қолдап, сенімді әріптесі болуға ниет білдірген шет мемлекеттер байқалмайды. Еуроодақтың өзі Испанияның құқығын қорғап отыр. Сондықтан каталондықтардың келешегінің қандай болатынын кесіп айту қиын.

“The Qazaq Times”