Малайзияда Солтүстік Корея басшысы Ким Жоң Унның (Ким Чен Ынның) ағасы Ким Жоң Намның өліміне қатысты сот отырысы басталды - деп хабарлайды Неміс толқыны ақпарат агенттігі.

Бүгін Малайзияның Шах-Алам қаласында Ким Жоң Унның ағасы Ким Жоң Намды өлтірді деген күдікпен ұсталған 25 жастағы Индонезия азаматшасы Сити Айша мен 29 жастағы вьетнамдық Зоан Тхи Хыонгтың сот отырысы басталған. Айыптаушы тараптың сөзінше, ақпан айының 13-і күні Куала-Лумпур қаласының әуежайында Сити Айша мен Зоан Тхи Хыонг Ким Жоң Намның бетіне жүйкенің дәрменсіз болуына әкеп соғатын VX-фосфороорганикалық сұйықтық шашып кеткен. Салдарынан Ким Жоң Нам ауруханаға барар жолда көз жұмған.

Зоан Тхи Хыонг пен Сити Айша

Наурыз айында Малайзия құқық қорғау органдары аталмыш із бойынша қылмыстық іс қозғаған. Тексеру кезінде Ким Жоң Намды өлтіруге Солтүстік Корея Сыртқы істер министрлігі мен қорғаныс министрлігінің жоғары лауазымды қызметкерлері тапсырыс бергендігі анықталған. Бірақ осы уақытқа дейін Малайзия билігі олардың ешқайсысын ұстай алмаған.

Тергеу барысында күдіктілер әуежайда болған оқиғаны «телевизиялық бағдарламаға түсіп жатырмыз деп ойладық» деп түсіндірген. Тіпті күдіктілердің бірі Сити Айша осы ісі үшін 85 еуро гонарарда алғандығын айтқан. Бірақ екі күдікті де өз кінәларын мойындамаған. Егерде Малайзия соты Индонезия мен Вьетнам азаматшаларын кінәлі деп танитын болса, онда олар өлім жазасына кесілетін болады.

“The Qazaq Times”