Бүгін, 28 қыркүйек, қазақ әдебиетінің ғана емес, тұтас рухани өмірінің ұлағатты есімдері Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей сынды тұлғаларының туған күні. Абай бастаған ұлы көштің нар жолында өшпес іздерін қалдырған ұлтының ұлы перзенттері осы күні өмір есігін ашқан. Сондықтанда 28 қыркүйек қазақ руханиятының елеулі күні болуға татиды.

Осыдан тура 120 жыл бұрын Абайды туған мекенде өмір есігін ашқан ұлы қаламгер Мұхтар Әуезов, ұлтының әдебиеті мен мәдениетіне теңдессіз үлес қосып, ұлт ағарту жолында сүбелі еңбегімен ұлы шың болып қалды. Мұхтар Әуезов туралы, оның еңбектері мен ғұмыры туралы қайталап айтып жатпастан, біз, тағы бір туған күн иесі қаламгер Оралхан Бөкейдің Әуезов туралы айтқан мына бір сөзін бергенді жөн көріп отырмыз: «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінде бір-ақ алып суреткер бар. Ол – Әуезов. Ол – теңіз болса, біз – көлшік. Ол – бәйтерек болса, біз – маңайындағы балапан. Асылында, жалғыз ащы шындықты мойындағанымыз абзал. Мұқаң бізсіз... бір өзі болса да жалғызсырамас еді», – дейді О. Бөкей.

Қазақ әдебиетінің үдіре алға басқан дәуірінің өкілдері Шерхан Мұртаза мен Оралхан Бөкей де әдебиет тарихында суреткерліктерімен, сөз зергерлігінің қайталанбас қолтаңбасымен ерекшеленеді. Олардың қаламынан туған шығармалар күні бүгінге дейін, тіпті ұзақ болашақтада ұлтының ұрпақтарына жолдас болатыны айдан да анық.

Ұлт көшіне нар тұлғаларды тудырған 28 қыркүйек атаулы күндердің біріне айналып, еңселі елдің бүгінгі күні үшін желдің өтінде, күннің бетінде тұрып, ұмытылмас шығармаларды қалдырған қаламгерлерді мемлекеттік деңгейде еске алынып жатса құба-құп еді. Бірақ бұл күннің ескерусіз қалуы қай бір жанды да қынжылтары анық. Бір ғана Әуезовтың өмірге келгеніне 120 жыл толуының аталмай кетуі, қазақ алдына да, Абай мен Мұхаң алдында да бүгінгі елге сын болмас па!

“The Qazaq Times”