Лондон транспорт жүйесінің жетекшілігі Uber онлайн такси қызметінің лицензиясын қайтарып алды. Енді қазан айынан бастап аталған компания Ұлыбритания астанасында жолаушыларды тасымалдау қызметін тоқтатады. Бұл туралы қала басқармасы өзінің Twitter парақшасында мәлімдеді, деп жазды РБК.

Лондондағы транспорт жүйесі операторы компанияға "30 қыркүйектен кейін лицензия мерзімін созбайтынын" ескерткен. Такси қызметіне берілген лицензия мерзімі дәл сол күні аяқталады. Оператордың мәліметінше,  Uber таксомоторлы қызметтерде жарияланатын талаптарға жауап бермейді, сондай-ақ, қылмыстық оқиғалар кезінде ескертулер жасауда олқылық танытады, медицина және жүргізушілердің сотталмағаны туралы анықтамаларына қатысты ақпаратты ашық жарияламайды, тіпті компания қызметіне тыйым салынған немесе шектелген орындардағы құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен қала билігін алдап кетуге болатын Greyball жүйесін пайдаланады екен.

Енді Uber-дің 21 күн ішінде шағым түсіру құқығы бар.  Reuters-тың жазуынша, аппеляция қаралған күннің өзінде компания қызметінің одан ары жалғасуы екіталай.  Bloomberg мәліметіне сенсек, Лондонда аталған компанияның қызметін шамамен 3,5 млн клиент пен 40 мың жүргізуші пайдаланады.

Соңғы уақытта Uber-ге қатысты мәселелер көбейген. Мысалы АҚШ компанияға қатысты бірнеше тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сан-Франциско прокуратурасының мәліметінше, бұл елдегі онлайн такси қызметі де Greyball жүйесін пайдаланған.

Uber қызметіне қатысты шағымдар Қазақстанда да байқалып жүр. Бізде жергілікті билік өкілдері арызданбағанмен, әлеуметтік желі қолданушылары онлайн-такси қызметінің бағасы соңғы кезде қымбаттап кететінін айтады.

“The Qazaq Times”