Алматы қаласы әкімдігі мемлекет мұқтаждығына байланысты кейбір жеке меншік жер учаскелері мен жылжымайтын мүліктерді мәжбүрлі түрде жеке иеліктен шығару жұмыстарын бастамақ. Әкімдіктің аталған қаулысы "Вечерный Алматы" газетінде жарияланды.

Жарияланған мәліметтер бойынша, қаулы Алматы қаласы Медеу ауданы Рысқұлов даңғылы мен Құлжа трассасының қиылысында орналасқан жылжымайтын мүлік пен жер учаскелеріне қатысты болып отыр.

Ондағы жер телімдері транспорттарға арналған жол торабын салу үшін әкімдікке өтпек. Жерлерді иеліктен шығару күні 2017 жылдың 31 желтоқсанына белгіленген. Әкімдіктің мәліметінше, жер иелеріне заңнамада белгіленген тәртіп бойынша өтемақы төленеді.

Сонымен қаулының қосымшасында  жарияланған тізім бойынша «Magnum Cash&Carry» ЖШС, «Caspian Food»ЖШС, «Ақбастау логистик» ЖШС жерлері мәжбүрлі түрде жеке иеліктен шығарылады.

Айта кетейік, Magnum Cash&Carry бөлшек сауда желісінің негізін қалаушы Александр Гарбер. Ол Forbes Kazakhstan-ның "Қазақстандағы ең бай 50 бизнесмен" рейтингінде 125 млн доллар қаржысымен 41 орында тұр.  Александр Гарбер  сондай-ақ, «Прима Дистрибьюшн», «Прима мороженое», «Прима Аутлет Групп», «Прима Бренд», TG Trade, Tea House сынды компаниялардың иесі.

“The Qazaq Times”