Қазақстанның тәуелсздік алғанына 26 жыл толуына бірер ай ғана қалды. Осы 26 жылы ішінде елімізде экономикалық, саяси, демократиялық әлеуметтік жағдайлар біраз өзгеріске ұшырады. Дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат етіп, соның жолында талпынып келеміз. Алайда біз тек бір жағдайдың өзгеруіне әлі үлес қоса алмай отырмыз. Ол - қазақ тілі мәселесі. Жеке мемлекет болып қалыптасқанымызбен, мемлекеттік тіл мәртебесі әлі жоғары деңгейде емес. Оны елдің билік тізгінін ұстап отырған Үкіметтегі шенділердің сөйлеген сөзінен-ақ байқауға болады. Тіпті, олардың журналистерге берген жауабы мен жасаған баяндамаларының кемінде 90 пайызы орыс тілінде. Араларында "тіл үйренем" деп уәде бергені қаншама. Ал олар қашан қазақ тілінде сайрап, ана тілінде қашан дұрыс жауап береді? Міне, біз 22 қыркүйек тіл мерекесі қарсаңында, ана тіліміз қазақ тілінің осы жайына қысқаша тоқталуды жөн көрдік.

ҚР Президенті биыл жолдауында қазақ тілінің сәл де болса мәртебеге ие болуына мүмкіндік беретін бастаманы айтқан еді. Ол қазақ тілін 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшіру болған. Осыдан кейін Президент Дүние жүзі қазақтарының V құрылтайында латын әліпбиіне көшуді 2025 жылға дейін соза берудің қажеті жоқ екенін айтып қалды.

"Қазақ тілін латын әрпіне көшіру - бұл ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадам" - деген еді Президент.

Ал қазақ тілді қоғам сәлде болса "орысқұлдықтан құтылармыз" деген ой түйген болатын. Алайда Президентіміз тамыз айында «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында латын әліпбиіне көшу тек қазақ тіліне ғана қатысты екенін, орыс тілділер кирилицаны пайдалана беретінін  ескертті. Ал бұл қоғамда үлкен талқыға ұласты. Көпшілігінің көкейінде "Сонда Үкіметтегі орыс тілді қазақтар да кирилица пайдалана ма?" деген сұрақ қалып қойды.

Жалпы біздің Үкіметте отырғандардың 100 пайызы болмаса да, 90 пайызы көбіне орыс тілінде баяндама жасап, журналистерге орысша жауап береді. Бұл әрине қазақ тілді журналистердің ғана емес, қазақ тілінің қамын жеп жүрген кез келген азаматтың қытығына тиетіні белгілі.

Ендеше біз орысша сайрап, қазақ тіліне келгенде мүдіріп қалатын министрлер мен билік өкілдерін санап көрейік.

Мысалы биыл қаңтарда Ұлттық экономика министрі болып тағайындалғанына бір ай ғана болған Тимур Сүлейменов ана тілінде мүдіре сөйлегені үшін сынға қалған болатын. Оның сөзінше, министр Мәскеуде қызмет еткен жылдары ана тілін ұмытыңқырап қалған екен. Осылайша, ол жарты жылда қазақ тілін қайта меңгеріп алуға уәде берген.

Осыдан кейін журналистер жарты жыл бойы министрді мазаламай алты ай күтті. Тек 2017 жылдың 22 тамызында Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдері Сүлейменовке 6 ай өткенін айтып, берген уәдесін еске салды.

Министр болса Кеден кодексіне қатысты қазақ журналистің сұрағына: "Жалпы, бұл кеден кодексінің ең маңызды новелласы, идеологиясы — ол автоматтандыру. Сондықтан бизнес қағаздар, кедендік декларация толтырудан босатылады. Барлығы электрондық түрде толтырылатын болады. Бұл ең маңызды, ең жағымды бизнес новелласы бұл кодекстің", — деп қысқаша қазақ тілінде жауап қайырған еді.

Қазақ тілінде сөйлемегені үшін сынға қалған министр тек Сүлейменов қана емес. 2016 жылдың қаңтарында бұрынғы білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов те баяндамасын қазақ тілінде жасауды азайтқаны үшін депутат Сәрсенбай Еңсегеновтан сын естіген. Алайда бұл мәселе сол уақытта-ақ жылы жабылған. Себебі Парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев депутатқа  "тек заң жобасы туралы сұраңыз" деп ескерту жасаған еді.

Ал ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев болса қазақ тілінде сабақ алып жүргенін айтып, айды аспаннан шығарған еді. Ол "Қазақ тілін жетілдіру үшін сабақ алып жүрсіз бе? Қазақ тілінде қашан бізге толық жауап бересіз?" деген журналистердің сұрағына: "Қазақ тілінде бір жылдың ішінде толық жауап беремін. Қазір аптасына үш рет сабақ аламын. Мен өзімді жақсы сезініп жүрмін", — деп жауап берген.

ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев. Фото әлеуметтік желіден алынды.

Қазақ тіліне шорқақ басшылардың бірі - ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев. Ол да бас банк басшысы болып тағайындалған соң да қазақ тілін білмегені үшін сынға қалған еді. Ол 2016 жылдың маусым айында бір жылдың ішінде қазақ тілінде жауап беремін деп уәде еткен болатын.

Осыдан соң бас банкир уәдесінде тұрғандай сыңай танытты. Баспасөз конференцияларында, Үкімет отырысында қағазға қарап болса да қазақ тілінде баяндама жасайтын болды. Алайда журналистер қауымы да депутаттар да Данияр Ақышевтың қазақ тілін қаншалықты деңгейде үйренгенін әлі де сұрай қойған жоқ. Мүмкін Президенттің "Ешкімнен қорықпа" деп Ұлттық банк басшысына қарата айтқан сөзінен кейін, ешкім бұл мәселені қозғағысы келмеген болар.

Қазақ тілінде сөйлегенде ойын шашыратып алатын шенділердің бірі - Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев. Бұған дейін оның орысша сөйлегеніне ҚР Инвестиция және даму министрі болып тұрғанда ешкім тисе қоймаған. Алайда оның қазақ тіліне тым шорқақ екені жақында ғана Астанада болған "Абу Даби Плаза" оқиғасында байқалып қалды. Өйткені құрылыс жүріп жатқан аумақта қандай жағдай болғанын сұраған қазақ жігіттеріне Исекешев "кішкене конфликт болды" деген үш ауыз сөзден артық жауап қайтара алмады.

Міне, бұл Қазақстан билігіндегі қазақ тілінің көрінісі. Әрине бұған дейін де мемлекеттік тіл мәселесінің деңгейі қандай екені жазылды, бұдан кейін де жазылатыны анық. Бірақ билік басындағылардың тілге шорқақтығын көргенде, тіпті қазақ тілін біле тұра орыс тілінде сөз сөйлегенде "балық басынан шіриді" дегенге тағы бір көзің жетеді. Шын мәнінде ұлттың ұлт болып қалыптасуына әсер ететін негізгі фактор тіл екені белгілі. Алайда орыс қоғамынан шыға алмай жүрген қазақ елі үшін бұл мәселені шешуге әлі ширек ғасыр керек шығар.

“The Qazaq Times”