Малайзияның орталық қаласы Куала Лумпурдағы діни мектептердің бірінде өрт болып, оқушылар мен оқытушыларды қамтыған 24 адамның өмірін жалмады. Бұл Малайзияда соңғы 20 жылда болып көрмеген өрт апаты деп бағаланды. Бұл туралы BBC-дің онлайн қызметі хабарлады.

Өрт туралы хабар бейсенбінің таңында, сағат 05:40 минут шамасында мәлімделген. Мектеп жатақханасының терезелері түгелдей темір торлармен бекітілгендіктен оқушылар мен мұғалімдер қашып шыға алмаған.

Полиция тарауларының берген мәліметіне сүйенсек қаза болғандардың ішінде 2 оқытушы бар, қалғаны дерлік 13 пен 17 жас аралығындағы ұл бала болған. Өрт құрбандарының денесі толықтай күйіп кеткен.

Елдің премьер-министрі Наджип Разак Twitter парақшасында апаттан қаза болғандардың туыс-туғандарына көңіл айтып сабырға шақырды. Өрттің себебі әлі де тексерілуде. Әзірге полицейлер өрттің жатақхана бөлмелерінің бірінен шыққаны туралы мәлімдеді.

“The Qazaq Times”