Киноиндустриясы дамыған қуатты елдер әлемге үлкен идеологиялық ықпал, рухани экспансия жүргізіп отыр.  Сонымен қатар, кинематография арқылы экономикалық табысын да арттыруда. Жылына мыңға жуық фильм өндіретін Үндістан, АҚШ сынды елдер жаһан көрермендерін зор мөлшерде өзіне бұрып алғаны белгілі. Сапалы деңгейде, биік кәсіптік өреде жасалған туындылардың көрерменді өзіне байлауы заңды да.

Кино - өнер. Өнер барша адамзатқа ортақ. Десек те, әрбір кинотуындыны жасаған ел оған өз идеологиясын, өз мүддесін енгізбей қоймайды. Бұл да қалыпты құбылыс. Сол арқылы көрерменнің ой-санасына әсер етіп, белгілі дәрежеде өз мақсаттарына бұруды көздейді. Иә, бұл басқа тақырып. Біздің ой бөліспегіміз осындай туындыларға арқау болатын үлкен-кіші әдеби шығармалар, романдар мен эпостар, повест-әңгімелер жайлы болмақ.

Экранға жол тартқан әлемдік туындылар

Адамзат әдебиетінің жауһарына айналған шығармалар аз емес. Олар сонау ерте дәуірден бастап, бір ғана халықтың емес, күллі адамзаттың ортақ рухани қазынасы ретінде жасап келеді. Аңыз-әпсана түрінде ауыздан-ауызға, елден-елге жеткендері де, тасқа басылып, сансыз оқырманның қолындағы құнды дүние ретінде бағаланғандары да көп. Қазір қоғамдық формация өзгерді. Ақпарат көп. Адамдардың әдебиетті, көркемөнерді қабылдауы да өзгеше бағытқа оңтайланды. Бұрынғы және бүгінгі әдеби шығармалар енді халыққа экран арқылы ұсынылуда. Адамзат тарихында жасалған таңдаулы шығармалар, соңғы ғасырда, қазіргі уақытта өмірге келген әдеби туындылар енді киноиндустрияның азығына айналып, көрерменге, кейінгі ұрпаққа басқаша қырынан ұсынылды. Әрине, кино өндірісінің басы-қасында жүргендер тек ақын-жазушылардың, әдебиеттегі тұлғалардың шығармаларына арқа сүйеп отыр деуге келмейді. Кино тарихында адамзат тағдыры, жалпақ жер мен шексіз ғарышты қамтыған талай жаңа киносценарийлер жазылды, экрандалды. Бірақ, бәрібір кино саласы әдеби шығармалардан аттап кете алған жоқ. Ол мүмкін емес еді.

Кино экранына шыққан дүниелер көп. Сонау адамзаттың арғы тарихын баян ететін Нұқ пайғамбар туралы фильм де солардың бірі. Інжілде баяндалатын хикая негізінде түсірілген картина талас-тартыс тудырғаны рас. Бірақ, қалай болмасын, барша адамға отрақ аңызды режиссерлер экран арқылы әлем назарына ұсынды. Гомердің «Илиада» дастанында айтылатын Троя соғысы да киноға айналды. Үндінің атақты  «Махабхарата» эпосы да бірнеше рет экранға шығарылды. Бұл туынды бойынша 1965 жылы режиссер Бабубхай Мистри бастап фильм түсірген болса, 1989 жылы үш сериалы фильм-спектакль жасалыпты. Ары қарай тіпті қарқын алып, 1990 жылы 94 сериа, 2013 жылы 267 сериа көрерменге ұсынылған.

"Махабхар ата" сериалынан көрініс

Қытайдың ежелгі заман әдебиетіне жататын «Үш патшалық қиссасы», «Су бойында», «Қызыл сарай түсі» секілді классикалық шығармалары да екі реттен экрандалып, сериалдар түсірілді. Оның кейбірімен жергілікті телеарналардан берілгендіктен, Қазақстан көрермендері де таныс.

Бұл қатардан Ресей де қалыспайды. Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар», Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина», М.Шолоховтың «Тынық Дон» туындыларының алды бірнеше рет ұзақ сериалдарға айналып, кино өнері саласындағы айтулы дүниелердің қатарына қосылды. Лерментов, Пушкин, Тургенов, Чехов, Булгаков, тағы басқа тұлғаларының шығармалары да қағыс қалған жоқ.

Лев Толстойдың "Соғыс және бейбітшілік" романы желісімен түсірілген фильм

Ақын-жазушылардың шығармаларынан ең көп кино түсіретін ел Америка екені мәлім. Эдгар Аллан По, Джек Лондон, О. Генри, Марк Твен, Говард Филлипс Лавкрафт, Лаймен Фрэнк Баум, Генри Джеймс, Фрэнсис Скотт Фицджеральд, Джеймс Фенимор Купер, Эрнест Хемингуэй секілді қаламегрелердің шығармалары режиссерлер үшін мол кеніш сынды. Мәселен, мистиканың шебері деп мойындалған, осы заман детективін жасаушы Эдгар Аллан Поның шығармалары 212 рет экранға шығарылыпты. Бұл көрсеткіш О.Генриде – 184, Стивен Кингте – 145, Джек Лондонда – 124,  Марк Твенде – 105. Тізім осылай жалғаса береді.

Тақтар таласы сериалы

Қазіргі жазушылар туралы бір мысал келтіре кетсек, бүгінде миллиондаған көрерменді баурап алған әйгілі «Тақтар таласы» (Game of Thrones) сериалы да Американың фентези жанрында қалам тербейтін жазушысы Джордж Мартинның «Мұз бен от жыры» (A Song of Ice and Fire) романының желісі бойынша түсірілуде.

Жоғарыда айтылған аз-кем деректерге қарап, қаламгерлер шығармасын қажетіне жарата білген елдердің ұпайы түгел екенін бағамдауға болады. Шығармалары экран арқылы миллиондаған көрерменге жетіп жатқан жазушыларға құрметпен қарайсың. Сол шығармаларды бағалап, бүгінгі аудиторияға жаңа қырынан жеткізе білген режиссерлерге, кино саласындағы шығармашыл топқа риза боласың.

Кинодағы қазақ әдебиеті

Қазақ киносы үшін жоғарыдағы алып елдермен қара таластырту әзірге  қисынсыз екені рас. Десек те, өз деңгейімізде шамалап көрсек, кин саласы ептеп дамып келе жатқанелімізде қазақ әдебиетіндегі шығармалардың экранға шығуы кем түсіп жатқанын аңғарасыз. Барының өзі саусақпен санарлық. Халық ауыз әдебиетінен «Қыз Жібекті» Сұлтан Қожықов түсірді. М.Әуезовтың шығармалары негізінде «Көксерек», «Қараш-Қараш оқиғасы» экрандалды. Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романынан да сериал түсірілді. Бұлар, рас, кеңес одағы дәуіріндегі дүниелер.

"Қыз Жібек" фильмі

Тәуелсіздіктен кейін де біраз туындылар экранға шығарылды. Әсіресе, фольклорымыздағы тағы бір ескі аңыз «Ер Төстік» анимациялық фильмге арқау болды. Халықтың түп-тегін танытатын, ежелгі тұрмыс-салтын, өмірін бейнелейтін мұндай дүниелердің жаңа заманға лайықталып, жас ұрпаққа, барша көрерменге жол тартқаны қуанарлық жайт. Осы қатарда Түркиядағы қандас бауырларымыздың қолға алып жатқан жобасын да айта кету керек. Ыстамбұлда тұратын этникалық қазақ Қайролла Мұхаммедұлы мен Батыр Хамзаұлы атты Қорқыт ата жырларын «art book» үлгісіндегі жеке кітап ретінде шығарып, олардан топтама коллекция жасамақ. Кейін мултьфильмге айналдырып, 70 тілде сайт ашып, mobile app және тағы басқа мультимедиялық жұмыстарға көшсек деген жоспарлары бар. Өзге елде өмір сүріп жатқан қазақ жастары осындай талпыныс жасап жатқанда, өз елімізде неге ауқымды жобаларды қолға алмаймыз деген сұрақ туады.

Қорқыт ата. "Art book" мұқабасы

Иә, қазақ әдебиетіндегі көрнекті қаламгерлердің салмақты шығармалары кино саласы үшін әлі де бос кеңістік, елеусіз жатқан қазына десек артық емес. Жылына жүздеп саналмаса да, «Қазақфильм» және басқа да жеке студиялар шамасынша фильмдер түсіріп жатыр. Бірақ, оларды көрермен, кино мамандары қалай қабылдайды. Сапасы, мазмұны қай деңгейде? Бұрын да, қазір де оқырманның ықыласына бөленіп жүрген шығармалар неге режиссерлердің назарын аудара алмай отыр? Қазақ ақын-жазушыларының роман-повестері, әңгімелері, поэмалары неге кино экранынан көрінбейді? Осы сұрақтарды қазақ кино өнеріне сын көзбен, салмақпен қарайтын мамандарға қойған едік. Олар алдымен бүгінгі киноның сыны мен сапасы туралы да ойларын ірікпеді.

Роза Мұқанова Жазушы-драматург, Халықаралық Франц Кафка атындағы сыйлықтың лауреаты,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Киноны халыққа ұсынар алдында көркемдік кеңес бекіту керек

Бүгінгі киноның сын көтермей отырғаны жасырын емес. Әсіресе теледидардан жүріп жатқан аш ішіктей шұбатылған киноэпопеялар мен сериалдар. Киноның драматургиясын жазғандар кәсіби маман болмағандықтан осындай шарасыз күйге түскен. Киноның негізі - драматургия. Қандай керемет жаңа технологиямен, операторлық шеберлікпен, режиссерлік шешіммен түсіре беріңіз, бәрібір ол фильмнің драматургиясы болмаса  көркем дүниеңіздің құны көк тиын болады. Әлбетте  қаражатыңыз да желге ұшқандай болар.

Біздің қазақ қоғамын ұлттық кинодан бас тартуға мәжбүрлеп отырған  негізгі жағдай кино түсіруге   қаражат табылады  да киноның драматургиясын жазуға  қаражат табылмайды. Ақсайтын тұстары да осы. Киносценарий мен фабуланың  ара-жігін ажырата алмайтын адам сценарий жазады. Сосын фабула авторы деп, режиссер өз қолын қоя салады. Қандай сорақы сауатсыздық. Фабула – оқиға ғана ғой, оны жетілдіріп сюжет жасамайтын ба еді, композициясын құрмаушы ма еді. Негізгі кейіпкері болмаушы ма еді. Оқиғаға шиеленіс  тудырмаушы ма еді. Бұл кинодраматургияның негізгі заңдылықтары еді ғой. Сауатсыздық пен тәжірибесіздік ұлтты дүбәра  етеді.

Қазіргі қазақ киносы бес-алты адамға  шапан мен бөрік кигізіп, астына ат мінгізіп қойса, әртістерді жалаң сөзбен сөйлете берсе, кино деп түсінетін сыңайлы. Кешегі «Қыз Жібектің» сценарийін Ғ. Мүсірепов жазды. «Мұстафа Шоқайды»  Ә. Тарази, «Аманат» фильмін С. Нарымбетов т.т. мысалдар көптеп келтіруге болады. Бұлардың бәрі қаламгерлер. Киноның сценарийін қолынан жазу келетін,  кәнігі маман ғана жазады.

Кино түсіру алаңында әртіске, «сен сөйлей бер, мен түсіре берем!» дейтін,  өз тілін білмейтін шала режиссерлер пайда болды. Әртіс – орындаушы. Ол не деп сөйлейді? Диалогтары «атан түйе құлағандай». Себебі, ол  кітап оқып, тіл сындырып көрмеген байқұс. Оның тілін сындырып сөйлегеніне ауылдағы қалың көрермен күледі. Өйткені  сөйлеу мәдениеті, сөз саптау дәстүрі  ауылдағы ағайынның әлі де өз үлесінде. Орындаушылар мен шығарманы жарататындарды (тудыратындарды) шатастырып алдық. Туынды бірінші орында, қалғаны тек орындаушылар. Бұл өнер әлемінде атам заманнан қалыптасқан заңдылық. Жазушы, суретші, композитор – өнерді жарататындар. Қалғаны орындаушы. Киносценарийді маман жазу керек. Маман болғанда да талабынан гөрі таланты барларға сұраныс беру керек. Кез-келген маман суреткер емес. Кинотуындыларда, тіпті редакторлық жұмыс та жасалмаған, көшенің ауыз-екі тілі жаныңды тітіркентеді.

Киноны халыққа ұсынар алдында көркемдік кеңес бекіту керек. Көркемдік кеңесте білгір мамандар  мүше болуы керек. Осындай қарапайым критерийлер іске қосылмаған жағдайда өнердің құны түседі, дарынсыздар дарақылыққа ұшыратады. Халық басқа ұлттың қаңсығын таңсық ете бастайды. Өз ұлтынан ажырап, өзгеге көз сүзіп телміре бастайды. Жақсылық емес!

Төлеген Бейсет, режиссер

Бізде әлі кино кейіпкеріне айналмаған образдар көп

Кино экран арқылы халыққа тәрбие береді. Бізде киноны фильм деп, фильмді кино деп шатастырып алып жататындар бар. Бірақ екеуі екі бөлек дүние. Көбіне бізге киноларды фильм деп, бизнеске айналдырып алғандар көп. Жеңіл-желпі киноларды бір көрген соң, қайталап көре алмайсыз. Өйткені, кинода берер мәлімет, айтар ой аз. Сондықтан, кино өте мәнерлі, мағыналы, салмақты, үлкен ой қозғайтын дүние болуы керек. Ал, бизнеске айналып отырған фильмдер кино атымен шыққанымен, бір көрген соң қалады. Неге, біз «Менің атым Қожаны» әлі күнге дейін көреміз? Өйткені, ол нағыз кино. Осындай жақсы дүние түсіру үшін біз қазақ әдебиетіндегі ойлы, уақыт өтсе де, мағынасын жоймайтын жақсы туындыларды негізге алуымыз керек.

Шет елдерде кино саласы жақсы дамыған. Бірақ олар жоқтан бар жасап отыр. Өйткені, оларда фантастикалық туындылар көп. Кейіпкерлерінің бәрі ойдан құрастырылған. Ал, бізде әлі кино кейіпкеріне айналмаған образдар көп. Ертегі, аңыз-әпсана, батырлар жырлары мен дастандар, жырлар әлі кино түсірушілердің назарына ілінбеуде. Егер Алпамыс батыр, Едіге, Толағай, Ер Төстік, тағы басқа осындай ауыз әдебиетіндегі кейіпкерлерді киноперсонажға айналдыратын болсақ, олардың бала тәрбиесіне де, олардың психологиясын дұрыс қалыптастырып, отаншылдық, батырлық рухта тәрбиелеуге де көп ықпалын тигізер еді.

Сондықтан, әр қазақ тілін, мәдениетін, елін, отанын қадірлеп, қастерлегені сияқты, төл әдебиетіне де ықылас бөліп, әсіресе кинорежиссерлер қазақ әдебиетіндегі озық шығармаларды оқуға бет бұрса екен деймін.

Әсия Бағдаулетқызы, мәдениеттанушы, киносыншы

Әлемдік деңгейдегі мықты режиссерлердің бәрі ұлттық тамырынан ажырамаған

Қазақ киносының ең үлкен проблемасының бірі осы. Мен деген режиссерлеріміздің бәрі емес, бірақ көбі дүниеге орыс әдебиетінің терезесінен қарап қалыптасқандар. Оларда бәрі бар. Білім, интеллект, талғам, кейбірінде тіпті өзіндік киноның тілі, стиль, қолтаңба... Тек қана бір-ақ нәрсе жетіспейді: ұлттық таным, ұлттық психология. Өнер картасында із қалдырам деген кез-келген өнерпазға өзін өзге елдің данышпандарынан ерекшелейтін ұлттық таным керек алдымен. Ал ұлттық таным, ұлттық әдебиет арқылы сіңеді. Жаңағы режиссерлер болса қазақ жазушыларын танымайды, менсінбейді, оқығысы келмейді, көбінің оларды оқуға қазақшасы да жетпейді. Әлемдік деңгейдегі мықты режиссерлерге қараңызшы, қайсысы ұлттық тамырынан ажырап, ғарышта қалықтап жүр екен? Кез келген ұлы суреткердің табаны ұлттық топыраққа тиіп тұрады. Феллинниді Фелллини қылған итальяндық мінез бен психология, Куросаваны Куросава қылған жапон әдебиеті, Кустурицаны Кустурица қылған балқан танымы, Иньяриттуды Иньяритту қылған латынамерикандық магиялық реализм. Мұнымен қалай күресуді мен білмеймін, мүмкін режиссерлік мамандықтың оқу бағдарламасына қазақ әдебиетін тереңдетіп қосу керек шығар. Біздің режиссерлер соңғы жылдары Достоевскийге жүгінді (“Қылмыс пен жаза”), Толстойдың желісімен түсірді (“Анна Каренина”), Хемингуэйдің шығармасы болды (“Шал мен теңіз”). Түсірмесін демейміз, бір ұлттың құшағына сыймайтын, әлдеқашан адамзаттың рухани құндылығына айналған шығармалар бұлар. Маркесті түсірсін, Борхесті түсірсін, Фолкнерге барсын, қаласа. Мәселе онда емес, мәселе бұл шығармаларды қазақ танымымен, қазақ психологиясымен біте қайнастыруда, ал бұлардың көбінен жапсырынды дүние екені байқалып, жамау жіптері одырайып тұрады. Жап жақсы идея, бірақ түсіргенде жасандылыққа ұрынған. Ұлттық мінез сирек. Ал біздің данышпан режиссерлеріміз, әлемдік аренаны қанша аңсаса да, жатпланеталықтар емес, қазақтар туралы түсіреді ғой? Демек, ұлттық таным болмаған жерде көркемдік шындық жапа шегеді. Ал біз, қазынаның үстіне қайыр сұрап отырған адамды еске түсіреміз. Жоқ емес, бар бізде киноға лайық туындылар. Кеңес кезінде қазақ киносының абыройын асырған дүниелерге қараңыз. “Қыз Жібек”, “Менің атым Қожа”, “Көксерек”, “Қараш Қараш оқиғасы” қай қайсысы да әдебиетке негізделген. Тәуелсіздік жылдары экрандалған М.Жұмабаевтың “Шолпанның күнәсін”, Ә.Кекілбаевтың “Күйін”, Р.Мұқанованың “Қызжылағанын”, Ж.Қорғасбектің “Жансебілін” атауға болады. Режиссер Болат Қалымбетовтің Ж.Қорғасбектің тағы бір шығармасын түсіріп жатқанын білеміз, І.Есенберлиннің “Көшпенділерінің” сериал болып түсірілуі үлкен қуаныш болды баршамыз үшін. Түсіргеніміз осы болса, түсірмегеніміз қанша?! Мүсірепов пен Әуезовтерді айтпағанда, М.Мағауинде, Т.Әбдікте, Ә.Кекілбаевта, Т.Әлімқұловта, Қ.Ысқақта, О.Бөкейде қандай құнды, пәлсапалық туындылар бар, Тынымбай Нұрмағамбетовте, Рақымжан Отарбаевта, Асқар Алтайда, кейінгі жастар Л.Қоныста, Д.Бейсенбекте, А.Мырзахметте, Қ.Әбілқайырда, т.б. киноға сұранып тұрған шығармалар жетерлік. Әрине, көретін көз, түйсінетін сана болса.

Өміржан Әбдіхалық, жазушы, сценарист

Біз қазақ көрерменінің түп болмысын басқа жақтан іздейміз

Қазір БАҚ-тың, коммуникациялық құралдардың көмегімен және қоғамдағы түрлі жағдайлардағы әрекетіне қарай отырып,  адамдардың ой-өрісін аңдау, олардың жеке тұлға ретіндегі қалыптасу жолына ненің әсер еткендігін, ішкі мәдени-рухани деңгейін байқау оңай бола түсті. Бақылай отырып, белгілі бір анализ жасауға болады. Мысалы, Қазақстанда жан-жақты білімді, ой көкжиегі кең режиссерлер, сценаристер бар. Осы кісілердің түсірген киносын көріп, жазған мақалаларын, сөйлеген сөздерін оқып отырып, маңызды бір нәрсенің жетпейтінін байқамыз. Ол – ұлттық таным. Яғни, қазақ аудиториясының, қазақ көрерменінің түп болмысын басқа жақтан іздеп жүреді. Мысалы, орыс қаламгерлерінің ұтымды, өміршең ойларын негізге алып, батыс ойшылдарының сөзін тірек етіп, қазақ болмысының кілтін іздеп жүреді. Оқып, көріп отырып олардың өзге әлемнің көзімен қарап, өзге жұрттың ойшылының, білгірінің, мықтысының ой формасының қалыбымен қарап іздеп жүрген қазақтың жаны, болмысы, ұлттық бірегей әрі көзге көрінбейтін нәзік болмыс иірімдері Жүсіпбек Аймауытовтың, Бейімбет Майлиннің, Мұхтар Әуезовтің шығармаларында, Мағжанны өлеңдерінде, халық фольклорінде, жырда, мақал-мәтелде, бабалар сөзінде жасырынып жатқанын білесің. Мысалы, белгілі режиссердің бір мақаласын оқыдым. Орыс-батыс ойшылдарының түйіндеріне иек артып, ұлт болмысы, оның өзгеріске түсу күйі хақында ой толғапты. Оқып отырып, режиссердің айтпақшы ойын бір жерден оқыған сияқтандым. Есіме түсті. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романының контекстінде, ішкі ағысында режиссердің тапқысы келіп, талпынып, бар білімін салып, ізденіп жүрген сұрағының жауабы сайрап жатыр. Және Аймауытов оны қалай терең әрі дәл бере білген! Ал, жаңағы жаңашыл режиссер Аймауытовты оқымағаны білініп тұр. Егер, Аймауытовты білсе, басқаша ой түзер еді... Қазақ әдебиетін оқымағандықтан, оқығанда да анализ жасап, сіңіріп оқымағандықтан кинодағы қазақ болмысы (қазіргі, бұрынғы) сенімсіз, жасанды болып шығады. Бұл бір ғана кино саласында ғана емес, көптеген салаларда соның ішінде қаламгерлер ішінде де бар «ауру». Яғни, қазақты өзгенің көзімен танып, білгісі келеді. Мәселен, Бейімбет шығармаларындағы қазақ болмысын, оның жан күйін, ұлттық психологиялық ерекшеліктерін тану үшін Чехов шығармаларының терезесінен қарауға бола ма? Немесе Сайын шығармаларындағы қазақ ауылын, ондағы адамдардың алуан түрлі адами бейнелері арқылы берілген өмірді көру үшін Шукшин жазған шығармалардың төбесінен көз салуға бола ма? Әр халықтың өзіне ғана тән ерекшелігі, кемшілігі, психологиясы бар. Оны сол халықтың әдебиетін терең білгенде ғана көре аласыз. Қазіргі кинолардағы ұлт бейнесіне көрермен көңілінің толмауы да содан келіп шығады. Әрине, көрерменнің бәрі Аймауытовтың оқырманы емес. Кейінгі жылдары әдеби шығармалардың киноға айналмауының бір себебі – осы. Тағы бір себебі, кино саласындағы шығармашылық топтар қазақ әдебиетіндегі экранға сұранып тұрған шығармаларды бүгінгі замананың құлақ күйіне оңтайлай алмауында. Оңтайлау алмайтыны себебі – тіл. Ана тіліңді сөйлеу бар да, тіл арқылы ұлттық таным қалыптастыру, сіңіру бар. Қанша жерден тың идеясы бар режиссер болғаныңызбен, тілмен бірге жаныңызға сіңген ұлттық психологиялық бояуыңыз жоқ болса, туындыңызды өз аудиторияңыз қабылдай алмауы мүмкін. Бұл жерде әдебиеттанушылар мен әдебиет сыншыларының да кінәсі бар. Өйткені, біздің сыншылар мен әдебиеттанушылар қазақ совет әдебиеті теориясының негізінде білім алып, әдеби көркем шығармаларды советтік әдеби таным тұрғысынан ғана қарап, бағалап келді. Мәселен, «Ақбілекті» әйел теңдігі, ХХ ғасырдағы қазақ тұрмысы, халі бейнеленген шығарма дейді. Қандай үстірт! Болмаса «Күлпәшті» ашаршылық жылдарындағы бір отбасының тағдыры ғана деп әдеби анықтама беру әдеби сын мен әдебиеттанудағы анализ жасаудың мүлдем жоқтығының көрінісі. Өз кезегінде бұл режиссерлердің әдебиеттегі жауһар туындыларды көре алмай жүруіне себепші. Әйтпесе, «Ақбілек» те, «Күлпәш» та қалай иіп, қай заманның иіне салып көрсетемін десеңіз де сұранып тұрған дүниелер.

Түйін

Бүгінгі күні қаптаған жеңіл ақпараттар адамды салмақты ойлаудан алыстатты. Ой-сана жеңіл бағытқа қалыптасқан сайын, терең рухани болмыстан алшақтайды. Ондай кезде кітап, әдеби шығарма оқу да азаяды. Бұл қазір болып жатқан құбылыс. Қолына кітапты сирек ұстайтын, оқуға құлықсыз жалпы қауымды терең танымға, ұлттық болмысқа, рухани саулыққа жетелеп отырудың бір тәсілі, демек - кино. Сол киноға ұлт қаламгерлерінің құнды шығармаларын ақрау ете білу, оны бүгінгі аудиторияға лайықтап, санасына қалыптап ұсыну қай жағынан да ұлтты ұтысқа апарары анық.

«The Qazaq Times»