ҚР Энергетика министрлігі бензин бағасының неліктен қымбаттағанын түсіндірді. Ведомствоның сөзінше, бағаның қымбаттауы Ресей жанармайының импортталуымен  байланысты.

"Қазір Ресей бензинінің үлесі көбейді, баға біраз қымбаттайды. Қазір бағаның құбылу маусымы, себебі зауыт жұмыстары тоқтаған соң сұраныс артады. Біз қазан айының соңына дейін баланс реттеледі деп ойлаймыз. Баға нарық жағдайына байланысты болады", - деді ҚР Энергетика министрлігінің мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Қуаныш Құдайбергенов.

Сондай-ақ ол Қазақстан не үшін Ресей бензиніне тәуелді екенін түсіндірді.

"Қазіргі кезде Ресейден бензин (АИ-92 – 30%) мен дизель отыны (15%) импортталып отыр. Себебі біздегі зауыттар жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша жабылды. Мысалы Атыраудағы зауыт тамыз айынан бастап 18 қыркүйекке дейін жабылған. Ал Павлодардағы мұнай өңдеу зауыты қыркүйектің 20-сынан қазанның 25-іне дейін жөндеу жұмыстары бойынша жабылады.Сондықтан осы зауыттар өндірмеген шикізат көлемін біз Ресейден алуға мәжбүрміз", - деді ведомство өкілі.

Айта кетейік, Қазақстанда бензин бағасы тамыз айынан бастап тағы қымбаттай бастаған. Мысалы Алматы қаласында АИ-92 маркасының литрі - 145-147 теңге  (тамыз айында 143 теңге болған), дизель отынының литрі - 145-147 теңге (1 теңгеге қымбаттаған), АИ-95 маркасы —158-159 теңге аралығында сатылып жатыр.

Ескеретін жайт, Үкімет теңге құбылса, бензин қымбаттаса, экономика әлсіресе Ресей нарығымен байланыстыруды әдетке айналдырған. Мүмкін шынымен де солай шығар. Алайда "зауыттар жөндеу жұмыстары үшін жабылатын болса, өндіріс неге артық орындалмаған?" деген сұрақ туындайды. Оның үстіне бензин бағасы қымбаттап, оның қайта түсуі осы уақытқа дейін бола қойған жоқ.

“The Qazaq Times”