Депутат, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Аманжан Жамалов теңге курсын манипуляциялап отырғандарды жазалау керегін айтты.

Ол валюта нарығындағы жағдайға пікір білдіре отырып, нарықта манипуляция болып отырғанын алға тартты.

"Ұлттық Банктің, Қаржы министрлігінің және Экономика министрлігінің деректері бойынша теңгенің айырбас бағамы мұнай бағасы, ресей рублі, экономиканың жай-күйі сияқты негізгі факторлар әсерінен қалыптасады. Алайда біз валюта нарығынан басқа жағдайды байқап, қазіргі кезде теңгенің әлсіреуіне ешбір макроэкономикалық жағдай әсер етпегенін көріп отырмыз. Көптеген қазақстандықтардың көкейінде "Бұл не жағдай?" деген сұрақ туындап отыр. Себебі мұнай бағасы нығайып, ресей рублі тұрақты және Қазақстанның экономика көрсеткіші жақсарғанына қарамастан, теңге құбылып тұр" - деді ол.

"Меніңше, теңге бағамы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты болған күннің өзінде, оның қалыптасуына ішкі валюта нарығындағы мөлшерінің  өте аз болуы үлкен рөл атқарып отыр. Мәселен, осы жылдың маусым айында Ұлттық банкке теңге бағамын белгілеу үшін 101 миллион доллар жеткілікті болды, ал тамызда бұл көрсеткішті теңестіру үшін 70 миллион доллар қажет болды. Яғни, кейбір ірі ойыншылардың нарыққа қатысуы және олардың келіссөздері теңге бағамының ауытқуына әкелуі мүмкін және айырбас бағамының айырмашылығына  байланысты алыпсатарлықтан үлкен пайда таба алады", - деді мәжілісмен.

Осылайша ол Ұлттық банктен мұндай манипуляцияның артында кім тұрғанын және мұның кімге пайда болып отырғанын түсіндіруді сұрады. Сондай-ақ, ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісімдері мен инсайдерлік ақпаратты заңсыз пайдаланғандар үшін жауапкершілік қарастыратынын атап өтті.

"Алайда бұл кодекс валюта нарығында манипуляция жасағандарды жауапқа тарта алмайды. Сондықтан Ұлттық банк валюта нарығындағы манипуляцияға қарсы айыппұл түріндегі жауапкершілік шараларын қарастыру керек", - деді ол.

Айта кетейік, соңғы  он күнде, яғни 2017 жылғы 21 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында  АҚШ долларына қатысты теңге бағамы 2,6%-ға әлсіреген. Ұлттық банктің мәліметінше, бұл банктердің, компаниялардың және халық тарапынан шетел валютасына деген сұраныстың артып кетуімен байланысты.

“The Qazaq Times”