Қазақстанда мұнай өнімдерін өндіру, оны сақтау және өткізу нысандарында есептеуді бақылайтын құралды орнату мұнай саласын құлдыратып жіберуі мүмкін.   Астана қаласында "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері осы жүйені жүзеге асырудағы түйткілді мәселелерді талқылау мақсатында жиын өткізді.

Жиынға қатысқан «In Oil LTD KZ» ЖШС бас директорының орынбасары Юлия Жернакова есептеуді бақылайтын құралды тәжірибе жүзінде көрсете отырып, оны енгізудің техникалық және қаржылық тұрғыдан пайдасы төмен екенін түсіндірді. Оның айтуынша, бұрынғы тәсіл оңтайлы әрі шағын автожанармай құю станциялары үшін қаржылық жағынан қолайлы екен.

«Атамекен»  ҰКП төралқа мүшесі, Мұнай-газ өнеркәсібі комитетінің төрағасы Данияр Абылғазин мен «In Oil LTD KZ» ЖШС бас директорының орынбасары Юлия Жернакова

«Ең бастысын атап көрсеткен жөн, бұл жаңалықты енгізе отырып жанармайдың әр литріне қосымша қаржылық үстеме салынады, яғни бензин бағасы қымбаттайды», - деп атап өтті Юлия Жернакова.

Ал «Атамекен»  ҰКП төралқа мүшесі, Мұнай-газ өнеркәсібі комитетінің төрағасы Данияр Абылғазин Астанадағы жанармай құю станциялары мен мұнай базаларында осындай мәселе болса, онда өңірлердегі жеткізушілерге бұл жүйені қабылдау тіпті қиындай түсетінін атап өтті.

Бизнес өкілдері бұл мәселенің қаржылық жағына да алаңдаулы. Себебі есептеуді бақылайтын құралдарды орнату қымбат, шығынға ұшыратып, тіпті мұнай базалары мен шағын жанармай құю станцияларының жабылуына әкеп соғуы мүмкін.

«Шағын және орта бизнеске осы құралдарды орнатудан басқа да мәселе көп. Мына жүйені орнату шағын жанармай құю станцияларын жабуға итермелеуі мүмкін, олар мынадай соманы көтере алмайды», - деді «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов.

«Қазақстан Отын қауымдастығы» ЗТБ ақпаратына сүйенсек, бір мұнай базасына аталған жүйені орнатуға (мысалы, 26 тік және 10 көлденең резервуар) кемінде 120 млн теңге керек, ал бір автожанармай құю станциясы үшін орташа алғанда 5 млн теңге жұмсалады екен. Ал бұл қаражатқа нысанды қайта жобалау мен құрылыс жұмыстарына кететін уақыт пен жұмыс күшінің шығыны енгізілмеген. Сонымен қатар жүйені енгізгеннен кейін бизнес субъектілері есептеуді бақылайтын құралды орнату бойынша шығынды өтеуден бөлек, мәліметтер өткізу жүйесіне қызмет көрсету бойынша операциялық шығындарға қаражат бөлу керек болады, оның өзі біршама соманы құрауы ықтимал.

Осылайша жиынға қатысқандар бұл мәселеде адал бизнесті қолдайтынын және бүгінде адал кәсіпкерлер жанар-жағармай материалдарының жеткізілуі туралы толық ақпаратты беріп отырғанын айтты.

"Мемлекеттік органдар жасырынып жұмыс істеп отырғандармен күресу үшін бизнес-қоғамдастыққа есептеуді бақылайтын құралды орнату секілді жаппай салмақ түсіретін емес, басқа механизмдерді ойластыруы қажет», - деді Елдос Рамазанов.

Сондай-ақ, жиынға қатысушылар 2018 жылдың қаңтарынан бастап жоғарыда аталған мәселелермен қатар, мұнай өнімдерін жеткізуде де қиындық тууы мүмкін екенін алға тартты. Сондықтан осы мәселені түбегейлі шешкен жөн, не болмаса осы есептеуді бақылайтын құралдарды орнатудан мүлдем бас тартқан абзал екенін атап өтті.

“The Qazaq Times”