Түркістан қаласында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша салынған 5 қабатты 8 үй пайдалануға берілді. Баспана кезегінде тұрған әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылар мен мүгедектер және жалғыз басты аналар сынды 480 отбасы баспаналы болды, деп хабарлады Оңтүстік Қазақстан облысының баспасөз қызметі.

Жаңадан бой көтерген «Отырар» шағын ауданындағы тұрғындарға пәтер кілтін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев табыс етті.

Әкімдіктің мәліметінше, 2016 жылы аталған шағын ауданда 120 пәтерді құрайтын 2 үй және Қазақстанның ипотекалық компаниясы есебінен 144 пәтер пайдалануға берілген. Ал 480 пәтерді құрайтын көпқабатты сегіз үй «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша облыс бюджетінен бөлінген 3 млрд 109 млн теңге қаржыға салынған. Енді осында  қоныстанған отбасылардың балалары үшін қазіргі күнде балабақша, мектеп мәселесін шешу қарастырылып жатыр екен.

Сонымен қатар, қаладағы 5 мыңға жуық азаматтардың тұрғын үйге деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында «Отырар» шағын ауданынан «Қазақстан ипотекалық компаниясы» арқылы тағы да 6 үйдің құрылысы жүргізілмек. Келер жылы жоспарланған 20 көпқабатты тұрғын үй салынса, одан бөлек 150 коттедж салынбақ.

“The Qazaq Times”