БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гуттериш Мьянма билігінен Ракхайн штатында тұратын Рохинджа мұсылмандарына қарсы қантөгісті тоқтатуды талап етті. Бұл туралы Әл-Жазира ақпараттық агенттігі жазды.

Күні кеше ғана 25 тамыздан бері елдегі жаппай жазалау шарасынан бас сауғалап, Бангладеш жағалауына жеткен мұсылмандардың саны 73 мың - 90 мың деп көрсетілгенімен, бүгін шекара сыртынан тыныштық іздегендер 125 мыңға жетті деген хабар тарады.

БҰҰ-ның балалармен жұмыс ұйымы UNICEF ұсынған баяндамада Бангладештегі босқындар лагеріндегі мұсылмандардың 80 пайызы балалар мен әйелдер екені көрсетілген. Сондай-ақ Мьянма билігінің еліне гуманитарлық көмек кіргізбеуі себебінен, Ракхайн штатының оңтүстігіндегі 28 мың бала таза ауыз су мен азық-түлік, дәрі-дәрмек пен алғашқы көмекке мұқтаж болып отырған көрінеді.

БҰҰ-ның босқындармен жұмыс істейтін UNHCR агенттігі Рохинджалықтармен тілдесіп, олардың мұнда өте қиын жағдайда, бірнеше күн қатарынан ас-су ішпестен жеткенін айтады. Қазіргі таңда барлық әлемдік басылымдардың басты тақырыптарына айналған Мьянмадағы мұсылмандарға қарсы әрекеттердің тоқтатылуы мен Бангладештегі 100 мыңнан астам босқынның болашағы шешілмей отыр.

“The Qazaq Times”