АҚШ Үкіметі Солтүстік Корея тоқтаусыз ядролық қару сынақтары арқылы соғысты тілеп отырғанын жеткізді. АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Никки Хейли Пиоңяңға қарсы жаңа қатаңдатылған санкциялар енгізілетінін ескертті. Бұл туралы APF ақпараттық қызметі жазды. 

Кеше АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея басшыларымен болған кездесу барысында Никки Хейли "Америка ешқашан соғысты қалаған емес, бірақ біздің төзіміміз таусылды" дей келе, Солтүстік Кореяға қарсы жаңа экономикалық шектеу шараларының жақын күндері,  тағы бір жаңа қару сынағы орын алмай тұрып, қабылданатынын хабарлады.

Жаңа санкциялардың қатарына қандай шаралар кіретіні әлі белгісіз болғанымен, АҚШ елшісі "Солтүстік Корея  2006 жылы алғаш рет қару сынағын бастағалы, енгізіліп келген шектеулердің барлығын айналып өтудің балама жолдары табылып келді. Осы жолы санкциялар өте қатаң болып, экономиканы қосымша амалдарсыз қалдыру керек" деп баса айтты. Жаңа шараларға шамамен, Солтүстік Кореялық гастарбайтерлердің шетелге жұмысқа тартылуын тоқтату, мұнай секторын қыспаққа алу, туризмге тыйым салу сияқты бөлімдер кіруі мүмкін.

Осыдан бұрын, Дональд Трамп Солтүстік Кореямен сауда байланыстарын орнатқан кез келген елмен Американың арасы салқындап, байланыстары үзілетінін кесіп айтып еді. Никки Хейли аталған мәлімдемені тағы бір қайталап, Қытайға ерекше ескерту жасады.

Өз кезегінде Қытайдың билік өкілдері дипломатия мен келіссөздер қажеттілігін атап өтсе, Ресей экономикалық санкциялар мәселені толық шешетініне сенбейді. Ресей мен Қытай  осыған дейінгі Солтүстік Кореядан қаруын қолданыстан алып тастауға, ал АҚШ пен Оңтүстік Кореяны әскери-жаттығулар өткізуін тоқтатуға шақырған позицияларын берік ұстанып отыр. Қытайдың БҰҰ-дағы елшісі Лю Цзей: "Қытай Корей жартытүбегінде соғыс болуына ешқашан жол бермейді", - деді.

Оңтүстік Корея соғыс қаупін алдын алып, өзінің қорғаныс қабілетін барынша күшейтіп жатыр. Қос АҚШ пен Оңтүстік Корея президенттері арасында болған телефон арқылы әңгіме барысында, Сеулге салмағы 500 килограмнан асатын зымыран жасақтауға салынған тыйымның күшін жою келісілді. Сондай-ақ, Оңтүстік Кореяға жеткізілетін қару-жарақ көлемін арттыру мәселесі сөз болды. Стокгольмдегі  әлем мәселелерін зерттеудің халықаралық институтының мәліметінше, 2010-2016 жылдар аралығында, АҚШ Оңтүстік Кореяға құны 5 млрд долларға бағаланатын қару сатқан.

Батыс сарапшылары Солтүстік Корея өзінің әскери қуатын АҚШ-тың басып алу ықтималдылығынан сескеніп, күшейтіп отырғанын және Уашингтонға өз талаптарын орындата алатын күнге жеткенге дейін қару сынамаларын тоқтатпайтынын айтады.

“The Qazaq Times”