Күллі мұсылман жұртына ортақ қасиетті Құрбан айт мерекесінің екінші күнінде, Астананың алтын бөлігі саналатын солтүстік жағалауда салынып жатқан «Абу Даби Плаза» көп қабатты ғимаратының аумағында жұмыс істейтін үндістер мен қазақтар арасында төбелес болғаны белгілі. Біз бүгін қыркүйектің 2-сі күні Астана халқын дүрліктірген оқиғаға және осыған дейін елімізде қазақ пен өзге ұлт өкілдері арасында болған жай ғана «бұзақылықтарға» қысқаша тоқталамыз.

Ресми ақпараттарға сүйенсек Астананың ең биік ғимараты «Абу Даби Плаза» аумағында болған төбелеске екі жақтан 30-ға жуық адам қатысқан және бұл ешқандай ұлтаралық қақтығыс емес жай ғана «бұзақылық». Бұны енді ұлтаралық қақтығыс деп айтуға мүлде келмейтін дүние екені белгілі. Өйткені тыныштығы мызғымас толерантты елдің Астанасында ұлтарлық қақтығыстың болуы мүмкін емес. Бірақ Алматы, Оңтүстік Қазақстан немесе Тараз көшелерінде қазақ пен шешен, қазақ пен ұйғыр, қазақ пен тәжік арасында болған қатардағы бұзақылыққа аталған қалалардың әкімдері мен министрлер бармайды да. Ал бас қаладағы «Абу Даби Плаза» оқиғасына қала әкімі Әсет Исекешовтен бастап, ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевқа дейін білек сыбана араласады. Өздері айтқандай, ішіп алған үндіс пен күзетші арасында болған болмашы төбелеске осыншама дүрлігудің не қажеті бар? Жай ғана «бұзақылыққа» бола қаптаған полиция мен арнайы жасақ қызметкерлерін алып келіп құрылыс аумағын қоршап тастайтындай не көрінді? Әлде Астана қаласының әкімдігі осы уақытқа дейін ішіп алған үндіс көрмеген бе? Жә қойшы, мүмкін Исекешов мырза EXPO қонақтарына көп ұлтты Қазақстанның отбасылық жанжалын көрсеткісі келмеген болар. Қанша дегенмен қазақтың қара шаңырағы Астана қаласының әкімі ғой. Оның үстіне Ақордаға да жақын отыр.

Жалпы Астанада 30 адам қатысып, 40 адам ұсталатын «бұзақылық» оқиғалары осы уақытқа дейін болды ма, болмады ма ол жағы бізге белгісіз. Бір белгілісі қала әкімі Исекешов пен ақпарат және коммуникация министрі Абаев түсініктеме берген бұл жолғы «бұзақылық», бұрынғы «бұзақылықтардан» өзгерек болды. Себебі бар қазақтың қаржысы салынған «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің аяқталуына 7 күн қалғанда ішіп алған бір үндіс ел имиджін тас-талқан етті. Шетелдерден Астанаға EXPO-ны көруге ағылып келіп жатқан туристер не ойлайды6 оны бір құдай біледі.

Шетелдік қонақтарды, EXPO-ны, ел имиджін былай қойғанда Астана қаласына, жалпы Қазақстанға сырттан жылына немесе айына қанша еңбек күші келетінін есептеп отырған жан бар ма екен жоғары билікте. Дәл осы «Абу Даби Плаза» ғимаратын салуға қанша үндіс келген, жұмыс беруші тарап заң шеңберінде қаншалықты жұмыс жасап отыр? Ол жердегі жұмысшы қазақтардың үлес салмағы қандай? Әсет Исекешов мырза ішіп алған үндістер жайында емес осы сұрақтарға жауап бергені дұрыс шығар. Әйтпесе Қазақстанның қақ ортасында отырып бір үндіске қаптаған қазаққа қарсы шығатындай не көрініпті? Негізінен Қазақстан имиджін жатса да, тұрса да ойлайтын ел билігіне осындай жағдайлардың алдын алу үшін барлығын «тұрмыстық жағдайдағы бұзақылыққа» жаба бермей, барды бар, жоқты жоқ деп айтып үйренген дұрыс шығар. Әйтпесе осы уақытқа дейін Алматы облысының Шелек, Моловодное, Шеңгелді ауылдарында, Оңтүстік Қазақстанның Сарыағаш ауданында, Жамбыл облысының Бурылды ауылында болған қазақ-ұйғыр, қазақ-шешен, қазақ-тәжік, қазақ-күрт арасындағы жанжалдар да қатардағы «бұзақылық» деңгейінде қаралды.

Дегенмен, аталған оқиғалардың барлығында қазақ халқын өзге ұлт өкілдері алдына жығып беру фактілері басым. Соңғы уақытта болған осыған ұқсас кез келген жағдайды алып қарайтын болсақ қамалып, сотталып, айыппұл төлеп тентіреп жүрген қазақтар. Өзге ұлт өкілдерінің темір тордың ар жағына кетіп жатқанын байқамайсыз. Барлығының да ағы ақ, қызылы қызыл. Осы жолғы «Абу Даби Плазада» болған оқиғадан да үндістер оңай құтылатын тәрізді. Өйткені 40-тан астам Қазақстан азаматы ұсталғанда қарсы тараптың басына көлеңке түсірген жоқ, астаналық тәртіп сақшылары. Ал ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов журналистердің «Бұзақылық жасаған үндістер елден депортацияланады ма?» деген сұрағына: «Оны сот шешеді», - деп қысқа қайырды.

Қорыта келгенде "Абу Даби Плазада" болған оқиғадан Ақорда маңындағы атқа мінерлер не түйді ол жағы белгісіз. Бірақ бұндай жағдайлардың барлығын әскер кіргізу арқылы күшпен баса беру жақсылыққа апармайтыны анық. Не де болса бұрын Қазақстанның Астанадан шалғай өңірлерінде болатын мұндай оқиғалардың бас қаланың қақ ортасында болуы ел билігіне сабақ болған тәрізді. Әсет Исекешовтың оқиға орынына барып, елмен тілдесуі халықпен болған диалогтың тек басы ғана.

“The Qazaq Times”