Қазақстанның Бас прокуратурасы ғаламтордағы сайлау алды үгіт-насихат жұмыстарын қадағалау керегін айтып, сайлау туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды.

Бүгін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде өткен кезекті отырыста ҚР бас прокурорының орынбасары Ғизат Нұрдәулетов: «Біз сайлау алды үгіт-насихат жүргізу кезінде ғаламторда жарияланатын фото, видео, онлайн дауыс беру, алдын ала сайлаушылар арасында сауалнама жүргізу сынды жұмыстарды заң жүзінде қадағалауды ұсынамыз» - деді.

Ғизат Нұрдәулетовтың сөзінше, қазіргі сайлау туралы заң тек телеарна мен газет, журналдардағы үгіт-насихат жұмыстарын қадағалайды. Ал сайлау алды үгіт-насихат кезіндегі көптеген заң бұзушылықтар ғаламтор беттерінде болып жатыр.

Осы жерде айта кететін бір жайт қазіргі таңда Қазақстандағы саясаткерлердің ішінде өзінің саяси көзқарасын ғаламтор арқылы белсенді білдіріп жүргендердің бірі, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әбілазов. Оның Facebook әлеуметтік желісіндегі тобына тіркелушілер саны 30 мыңға, Instagram желісіндегі оқырмандар саны 133 мыңға жеткен.

“The Qazaq Times”