1993 жылы біз  алғашқы Конституцияны қабылдадық. Президент ол конституцияны жаратпай 1995 жылы екінші конституцияны қабылдады. Бірінші конституцияның барлық бағыты демократия болатын. 1990-1995 жылғы Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері, саясаткер Серікболсын Әбділдин  осылай дейді. 

– Серікболсын аға біздің саясаттанушыларымыздың «Қазақстан өтпелі кезеңде тұр» дегеніне біраз уақыт болды. Қашан өтіп боламыз?

– Өтпелі кезең деген жалпы саясаткерлердің ойлап шығарғаны. Мына өмірде кезең деген болмайды. Себебі адам баласы өзінен-өзі тарихты жалғастыра береді. Оның қай жерде, қандай кезең екенін анықтау мына философияда, ғылым тілінде жоқ. Әркім өзінің ойына, қабілетіне байланысты бір шешілмей жатқан мәселелерді соған сілтей салу үшін ана кезең болды, мына кезең болды, анау ауыр болды, мынау ауыр болды деп шығара береді. Әйтпесе, өмір деген өзінен-өзі жылжи береді. Ал бұлардың кезең деп айтып жүргендері ол саясатты өзгертіп, биліктің өзіне-өзі туғызып алған қиындықтары болып есептеледі.

– Қазақстан халқы жыл сайын күзде өзгеріс күтеді. Сіздің ойыңызша биыл билікте өзгеріс бола ма?

– Оны Нұрекеңнен сұраңыз. Өйткені өзгерісті жасайтын бізде бір ғана адам. Билікте де бір адам шешім қабылдайды. Барлық байлық та, өнер де, ғылым да, білім де бір адамда. Сондықтан ол өзгерісті сол кісіден сұрау керек.

– Егемендіктен кейін ұлт зиялылары адасқан жоқ па?

– Жалпы мұндай сұрақ қойғанда да, оған жауап бергенде де негізгі себепті ескеру керек. Оны орыс тілінде де, ғылым тілінде де «первопричина» дейді. Ол зиялылардың жасағаны ма, қоғамның жасағаны ма, патшаның жасағаны ма, мәселе онда емес. Мәселе тарихтың желісінде, тарихтың шындығында. Егер шындыққа сүйенетін болсақ, біздің қазақ ғасырлар бойы тәуелсіздікті аңсаған. Ол үшін көптеген біздің бабаларымыз қан төккен. Осындай жерді ұстап отырған. Оны мына сізге игілікке деп, пайдалансын деп қалдырған. Бірақ өкінішке орай осының барлығын ойлап, салмақтап, тарихты біліп, жаңалықты соның желісіне байланысты жүргізетіндей бізде қоғам жоқ. Зиялы деп отырсыз, зиялының бірі менмін, міне. Сондықтан айтып отырмын мен сізге. Ондай қоғам болу үшін ұлт мықты болу керек. Бізде ұлттың мықтылығы да жоқ. Баяғыда біздің ата-бабаларымыз бізге қарағанда әлдеқайда мықты болған. Ал тәуелсіздік деген Кеңес одағының күйреуіне байланысты келген. Ол тәуелсіздікті жариялаған ХІІ шақырылымдағы жоғарғы кеңес. Оның төрағасы міне, сіздің алдыңызда отыр. Ол жөнінде сіз де, басқа жұрт та бір ауыз әділеттілікті айтпайды. Себебі неге? Себебі осы тәуелсіздіктің жақсылығын да, жамандығын да бір адам жасады деп соғады, жұрт. Ал негізіне қараған уақытта тарихи желіс, тарихи өзгерістерді өзі алып келіп берген, ғасырлар бойы аңсап жүрген тәуелсіздік қазақтың қолына тигеннен кейін оны дұрыстап пайдалану деген мәселе туған. Ол тәуелсіздікті дұрыстап пайдалану үшін бірнеше заң шығарылған. Тәуелсіздікті алған жылдардың өзінде 265 заң шықты. Осы заңның барлығы біздің мемлекеттің іргесін бекіту үшін. Билік пен халық екеуін біріктіріп, тәуелсіздік пен ұлтқа, келешек ұрпаққа пайда жасайтындай жол жасалған. Өкінішке орай оның барлығы бұзылып кетті. Бұзылып кеткен себебі билікті тартып алған, билікке келген адамдардың көпшілігі өз басын сауғалап кетті. Өз өңешін, өз қарнын ойлап кетті. Сол себепті де тәуелсіздікті біз оңалтпай отырмыз. Қазір тәуелсіздік деген сөз бар да, оны толтыратын іс жоқ. Өкінішке орай одақ-одақ деп өзіміз күн көре алмайтындай одақ жасадық. Енді ол одаққа кіргеннен кейін ол одақтың талабы өзгереді. Жүре-жүре сіз тәуелсіздігіңізден де, теңгеңізден де барлығынан айырыласыз. Егер дәл осы кезде қазақ өзінің қазақтығын көрсетіп, өзінің мемлекетін өзі құруға, нығайтуға кіріспесе, онда біздің тәуелсіздігімізде опа болмайды. Мен оны біреуді мұқатайын, сынайын деп айтып отырған жоқпын. Бізден нашар, бізден төмен халықтың өзі мемлекет жасап отыр. Ал біз жеріміздің асты да, үсті де байлыққа сыймай тұрған халықпыз және осындай кең байтақ жерде халқымыздың саны шамалы. Тәуелсіздікті жариялаған күні біздің санымыз да, санамыз да өзгереді деп жоспар жасағанбыз. Солай ойлағанның бірі мен. Мен төраға болып сайланғаннан кейін маған Тәкежанов пен Әлімжанов деген екі депутат кірді. Тәкежанов менімен бірге төрағалыққа сайлауға түскен. Соның бетін ашу үшін олар маған шындықтарын айтты. Мына Тәкежановты төраға қылып сайлап жіберсеңдер оның мына мемлекетті құру жөніндегі өзінің көзқарасы бар еді. Қазақтың, қазақтығын жоғалтпай, экономиканы жоғалтпай ұстайтын. Олардың бұның барлығын маған айтып отырғандары үш қазақ қосылып, осы жоғары кеңестің жұмысын дөңгелетіп, өзіміздің мемлекетімізді жасай аламыз деген тұжырымға келу болған. Бірақ өкінішке орай Жоғары кеңесті таратып бәрімізді бет-бетімізбен жіберді. Бұған дейін жоғары кеңес өзін-өзі таратты деп жүретін барлығы. Жақында Назарбаев өзі екі рет Жоғары кеңесті таратқанын мойындады. Енді мына байлықтың кімнің қолында екенін айтайын. Өкінішке орай біздің жерімізді, байлығымызды басқалар сорып жатыр. Мұнай өндіріп жатырмыз деп жыл сайын мақтанамыз. Бірақ соның 81 пайызы шетелдің қолында. 19 пайызынан біз салық аламыз. Мұндай деген ешбір мемлекетте жоқ. Каддафи деген көсемді білесің бе? Мен соның мемлекетінде болдым, 2002 жылы. Олар да мұнай өндіретін ел, олар 19 пайызын инвесторларға берген де, 81 пайызын өздері пайдаланады. Ал мен өз көзіммен, өз қолыммен көрген дүние. Шеврон компаниясы келгенде мен оларға айтқам. Егер біздің үлесіміз 50 пайыздан кем болатын болса, біз бұл құжатты Жоғары кеңесте радификацияламаймыз дегенмін. Осылай біз 50-де 50 жасағанбыз. Бұндай бағдарламаны ең нашар мемлекеттер жасайды. Ал енді жоғары кеңесті таратқаннан кейін, президент алды да оның 25 пайыз акциясын тағы сатып жіберді. Сөйтті де Шевронның қолында біздің мұнайымыз 80 пайыздан артық болып кетті де, жүре берді. Ондай мысалды кешке дейін айтуға болады.

– Біз ата заңға жиі өзгеріс енгіземіз? Осыған не қажеттілік бар?

– 1993 жылы алғашқы Конституцияны қабылдадық. Президент ол конституцияны жаратпай, 1995 жылы екінші конституцияны қабылдады. Бірінші конституцияның барлық бағыты демократия болатын. Мына биліктің арасында билікті бөлу атқару, заң шығару, сот әрқайсысына өзінің міндеттері ашық айдан анық, күннен жарық болып жазылған. Оның барлығы президентке ұнамады. Сол себепті Жоғары кеңестің екі шақырылымын қуып жіберіп, өз конституциясын өзі үшін жасады. Қазіргі конституция президенттің конституциясы, президентке қызмет ететін конституция. Сенбесеңіз барып көріңіз. Онда жазылған кейбір жерлері бар, биліктің көзі - халық деген. Бірақ сіз  де, халық та жалпы биліктің иісін сезбейсіз, барғанды қойып. Өйткені сіздің қолыңыздағы биліктің біреуі сайлауда дұрыс дауыс беріп, соның нәтижесін білу. Бірақ бізде ол да жоқ. Бірде-бір сайлау адал өтті деп айтқан ешкім жоқ. Ол біріншіден. Ал екеншіден, жыл сайын конституцияға түсіп жатқан өзгеріс, президенттің өзіне керегін жазып өзгерткен дүние. Кейде президент өзіне керегін өткізу үшін парламентке ананы берем, прокуратураға ананы берем деп жұртты алдаусыратады. Айналып келгенде оның барлығы президенттің қолындағы дүние. Сол себепті конституциядағы өзгерістердің кімге керек екенін тағы да сол кісіден сұраңыз.

– Қазіргі қазақ қоғамы коммунистік жүйені қабылдай алмайды. Бірақ сіздер тәуелсіздік алған жылдары коммунистік партия құрдыңыздар. Бұл саяси қателік пе, жоқ әлде кеңестік жүйеге берілгендіктеріңіз бе?

– Коммунистик партияны тәуелсіздік алғаннан кейін ешкім құрған жоқ. Қайта тәуелсіздік ала салысымен оны құртты. Тәуелсіздік алғаннан кейін кеңес одағында да, Қазақстанда да жойылды. Онан кейін 1994-1996 жылдары осында коммунистер партия құру жөнінде ұсыныс жасап, басқа жүйедегі коммунистік партия құрды. Аты коммунистік партия, бірақ істейтін жұмысы, заты басқаша. Ол партия бұрынғыдай жалғыз партия емес, көп партияның арасындағы партия болып шықты. Ал енді оны басқаруды кеңес заманындағыдай маған ешкім тапсырған жоқ және сенген де жоқ. Өйткені сол кезде «Әбділдин ешкіммен кеңеспей өзі шешім қабылдай береді» деген аңыз шығып кеткен болатын. Сондықтан партия жұмысына мені жолатқан жоқ. Ал мына қайтадан жандандырған партия ол бұрынғы партия емес. Бұл партия демократиялық жолмен жүретін, халықтың мұңын ойлайтын партия болып құрылды. Оған мені басшы қылып шақырғанда барған себебім ондағы партия мүшелері адал адамдар болатын. Әлгі қулық-сұмдықтың арасында жүрген бұрынғы партия мүшелері кеткен, тазарған пария болды. Сол партияны мен 10 жылдан артық басқардым және оны басқарған себебім олар президенттің саясатына қанықпады, олар күйрету саясатына қарсы шықты. Ондай күш ол кезде керек болды. Сол себепті қайсыбіреулер мені туғаннан бастап коммунист деп ойлайды. Ал жалпы бұл деген саясатта мүмкіндікті пайдалану деген сөз. Менің ол шақыруға барып, партияны басқарған себебім ол мүмкіндікті, елді күйретпеу үшін, елдегі байлықты, экономиканы құрдымға жібермеу үшін пайдаландым.

– Қалай болғанда да егеменді елдің іргетасын қалағандардың бірісіз. Еліңізге не айтасыз?

– Халыққа менің айтатынымды осыдан бір ғасыр бұрын біздің Алаштың азаматтары айтып кеткен. Ояну керек, сезімтал болу керек, алданбау керек, шындық жолымен жүруге тырысу керек, өтірікке, өсекке, ұрлыққа бой бермеу керек. Оны жасаған адамдарға қарсы тұратындай мүмкіндігі болуы керек. Жалпы мынау қазақтың жері ма, суы ма, ауасы ма барлығы қазақтың қазақ болуына жақсы мүмкіндіктер. Оны ата-бабаларымыз да дәлелдеп кетті. Ел және жер деген екі ұғым бар. Қазір барлығы «Мәңгілік ел» деп шауып жүр. Бірақ біздің ата-бабамыз «ел елу жылда жаңарады» деген. Ел деген жаңарып тұрады, жер мәңгілік. Ең бірінші қазақтың алдында тұрған міндет жерін қорғау. Жерге ел ие болу керек.

– Әңгімеңізге рахмет !

“The Qazaq Times”