Ауыл шаруашылығы – Қазақстанды экономикалық дағдарыстың барлық кезеңінде сақтап қалатын темірқазық. Президент Нұрсұлтан Назарбаев агроөнеркәсіп кешенін Қазақстан экономикасының басты драйвері ретінде ерекше атап өтті. Жалпы Қазақстанда ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді, алайда оның әлеуеті толықтай ашылмады. Отандық агроөнеркәсіп кешені дамуының жаңа мүмкіндіктері қандай және оның жүзеге асуына не істеу керектігі туралы «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев бөліскен еді...

Салаға демеушілік емес, нақты қолдау қажет

– Нұржан Бауыржанұлы, БҰҰ сарапшыларының пікірінше, 2025 жылы мал шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс 50%-ға өседі. Сарапшылар бірауыздан келешекте әлемде азық-түлікке деген сұраныс арта түсетінін атады. Бүгіннің өзінде сұраныстың артуы байқалып отыр. Мысалы, биыл наурыз айында БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы әлемде азық-түліктік орташа бағасы (FAO азық-түлік бағасының индексі) былтырғы жылдың наурыз айымен салыстырғанда 13,4%-ға қымбаттағанын хабарлады. Сұраныс не себептен артып отыр?

Біріншіден, бұл Қытай мен Үндістан секілді жедел өсетін экономикадағы тұтыну. Екіншіден, дамушы елдердегі жағдайдың жақсаруы. Кедейлік әлемдік деңгейде азаятын болады. Бұл тұтынудың өсуінің тағы бір көзі. Үшіншіден, экологиялыққ, таза, органикалық азық-түлікке деген сұраныстың үнемі ұлғаюы. Бұл – дамыған елдердің, бай нарықтың сұранысы.

Дәл осы жерде Қазақстан нарықтың айтарлықтай үлесін иемдене алады. Бізде табиғи жайылымда өсірілген малдың еті органикалық деп саналады. Мысалы, Қытай біздің елімізде шығарылған барлық азық-түлік өнімдерді органикалық деп таниды.  Ал Қытайдың «органика» нарығы 2015 жылы 4,7 млрд еуроны құрады, азық-түлік сапасына басымдық беретін орташа санаттың өсуі  болашақта шарықтайды.

Азық-түлікке деген сұраныс күн санап артып келеді. Бұл ретте өңдеуге жарамды жердің ауқымы азаяды. БҰҰ-ның мәліметі бойынша, топырақтың тозуынан жыл сайын 7-10 млн гектар егістік жері пайдаланудан мүлде шығарылады, бұл 21-30 млн адам үшін өмірлік негіз. Мұнымен қоса, жер шары тұрғындарының урбанизациялану қарқыны жоғары, яғни қалалар саны көбейіп, халықтың орналасу тығыздығы артып келеді, бұл да ауыл шаруашылығы жерлерінің азаюына әкеп соқтырады.

Нәтижесінде, не айтуға болады? Азық-түлікке деген сұраныс әрдайым артады. Ал өңделетін жер ауқымы азая береді. Шикізат сұранысы да, олардың бағасы да кемиді. Келешекте екі тауар, яғни азық-түлік пен су аса маңызды ресурсқа айналады.

Азық-түлікті эскпорттаушы елдер әлем экономикасының басты ойыншыларына айналады. Ал олар өндіретін өнім дүниежүзі экономикасы мен саясатының негізгі құрылымдық факторы болады.

– Елімізде ауыл шаруашылығының әлеуеті қандай?

– Әлеует туралы айтқанда экономикалық айналымға жаңадан енгізілген ресурстар ойға оралады. Елімізде пайдаланылмаған ауылшаруашылық жердің әлеуеті зор. Біздегі жердің жартысынан да азы ауыл шаруашылығының пайдаланылуында. 2015 жылы 222,2 млн гектар жердің тек 100,8 млн гектары, яғни  45,4% пайдаланылған. Оның 24,9 млн гектары – егістік және 69,7 млн гектары жайылымдық жер. Ал ауыл шаруашылығында егістікке пайдалануға болатын жер көлемі – 10-11 млн гектар. Бүгінде жақсартылған және суландырылған жайылым көлемі 112,2 млн гектар, олардың 69,7 млн гектары (62%) ғана пайдаланылады.

Екіншіден, елімізде халық саны аз болғанына қарамастан, ауылдық жерлерде еңбек әлеуеті айтарлықтай жоғары, себебі халықтың жартысына жуығы – ауыл тұрғындары. 2015 жылы мемлекеттік жалпы халқының 42,7% ауылда тұратыны анықталды. Бірақ, жалпы жұмыс істейтіндердің (8623,8 млн адам) ішінде 18% ғана (1553,4 млн адам) ауыл шаруашылығында. Ауыл шаруашылығында жалпы еңбек ететіндердің ішінде өзі жеке жұмыс істейтіндердің үлесі 70,4%, яғни 1094,3 млн адам. Шамамен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 40% – 15-28 жас аралығындағы ауыл жастары.

Бұл – тиімсіз қолданып отырған ауқымды еңбек әлеуеті. Бізге осы адамдарды ауыл өндірісіне тартуға арналған нақты бағдарламалар керек. Ауыл дегенді жұмыссыздық деңгейі өршіп тұрған мекенмен байланыстыру әдетке айналды. Ауылда өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адам тек күн көрістің қамымен жүрген деп саналады. Оның ісі – бизнес емес, тек өмір сүруге қажетті аз-маз қаражат табу.

Ауыл тұрғындарының 4,4% ең төменгі күнкөріс деңгейінен де аз қаражатқа өмір сүріп жатыр, бұл қаладағы кедейлік деңгейінен 1,6 есеге көп. Осылайша, ауыл шаруашылығы өндірісін шаруашылық айналымына пайдаланылмаған жерді игеру, пайдаланылып отырған жерге сұранысы жоғары дақылдарды егу арқылы дамыту өндірістік қызметке бос еңбек ресурсын қатыстыруға ықпал етеді, осының нәтижесінде, әрине, жекелеген адамдардың, сондай-ақ жалпы елдің табысы ұлғаяды. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарын кооперативке бірлестіру және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандарды Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы заңды бизнеспен айналысуға шақыру шаралары  дәл осыған бағытталған.

Мал шаруашылығының жайы қалай?

– Қазақстандағы мал шаруашылығы дамуының әлеуеті шексіз деп айтуға болады. Табиғи жайылымдардың көлемі мемлекет териториясының 70%-ын құрап отыр. Табиғи жайылымдар бойынша Қазақстан әлемде 5-орынды иеленеді (180 млн гектар). Оның ішінде 86,8 млн гектар мемлекет меншігінде, бұл әлеует табиғи қорда және мал шаруашылығына әбден пайдалануға болатын ресурс.  Қолдағы бос жер ауқымы жер ресурсын дұрыс және тиімді пайдалану және жұмыс күші әлеуетін өсіру арқылы мал басын қысқа мерзімде 2 есеге дейін өсіруге мүмкіндік беріп отыр.

Еліміздегі мал өсірудің дәстүрлі түрі – отарлы мал шаруашылық. Осы әдісті дамыту арқылы шаруашылықтағы мал басын тиімді өсіруге, яғни, жем-жөп тапшылығы, елді мекендегі жердің нашарлауы, жұмыспен қамту және экспорт әлеуетін арттыруға қатысты мәселелерді шешуге болады.

Отарлы мал шаруашылығы – бұл табиғи жайылымды жерлер, табиғи өрісте өскен мал экологиялық таза өнім береді емес пе? Ал экологиялық тұрғыдан таза өнімге әлем нарықтарында сұраныс бар. Экологиялық таза етке сұраныс та жоғары. Мәселен, Қытай. Қытай нарықтарында кәдімгі етті орта есеппен 1 келісін 8-10 АҚШ долларына сатып алуға дайын. Ал Organic Foods сертификаттауынан өткен еттің 1 келісі  шамамен 17 АҚШ долларына бағаланады.

Отандық тауар өндірушілер Қытай Халық Республикасына жыл сайын 50 мың тоннаға дейін қой етін экспорттауға дайын.  Алайда бұл салыстырмалы түрде аз көрсеткіш. Мал шаруашлығын тиімді пайдалану арқылы Қазақстан экспортқа айтарлықтай үлкен көлеммен шыға алады.

Мал шаруашылығын дамыту үшін не қажет? 

–  Инвестициялар мен халыққа қолжетімді болатын несиелеу бағдарламалары  мал шаруашылығын дамытады. Бірінші кезекте асыл тұқым әлеуетін көбейту керек, жайылымды жерлерді суландыру бойынша тиімді бағдарламаны әзірлеу қажеттілігі бар. Саланы дамытудағы маңызды элемент –инвестициялар. Бүгінде шетелдік ірі инвесторлар тарапынан отандық мал шаруашылығына қызығушылық бар. Бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бірақ, бізге саланы ынталандыру үшін ішкі қаржыландыруды жүйелеу керек, онсыз қозғалыс болмайды. Сыртқы инвестициялар мәселені түбегейлі шешпейді.

Мәселені  қалай шешуге болады?

– Қаржыландыруға қол жеткізудің қиындығы өзекті мәселе. Бүгінде ауыл шаруашылығы  өндірушісіне банктегі несиелер тиімсіз. Банктер ұсынған несиелік өнідімдердің пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары – 15, 17, 20%-ды құрайды. Ал «ҚазАгромен» берілетін жеңілдетілген несие бәріне бірдей жете бермейді. Сондықтан несиелеу мәселесін шешу қажет.

Қаржыландыруды қолжетімді етпей, бұл сала дамымайды. Қазақстан жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде қаржылық қызмет көрсету  бойынша – 80-орын, қаржылық қызмет көрсету құны бойынша – 76-орын, несие қаражатын алу оңайлығы бойынша – 89-орын, банктер сенімділігі бойынша – 105-орында тұрғаны осының дәлелі.

Бізде субсидиялау жүйесі жақсы дамыған. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі деректері бойынша 2015 жылы Агроөнеркәсіп кешеніндегі субсидиялау көлемі 157 млрд теңгені құраған, бұл көрсеткіш 2013 жылмен салыстырғанда 2 есе жоғары. Осы ретте аяққа тұрған кәсіпорындарға субсидиялау бағдарламалары қажет емес. Олар бұл қаражатты жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен несие түрінде беруді сұрайды.Несиелеу  салаға да, экономикаға да, мемлекетке де тиімді. Ал субсидиялар – қайтарымсыз. Несиелер – қайтарымды. Олар жаңарту принципімен қайтарылып, жұмысқа қайтадан салынуы мүмкін. Жалпы айтқанда: көктемде бөледі, күзде қайтарып алады, қайтадан экономикаға салады. Бұл агроөнеркәсіп кешенін дамытудың ең тиімді механизмі. Несиелеу түріндегі қаржыландырусыз салада өсу болмайды.

Бізге саланы таңдау арқылы демеушілік жасау емес, баршаға, оның ішінде шағын шаруашылықтарға қолжетімді болатын қолдаудың көлденең  шаралары қажет. Өңірдегі кәсіпкерлермен өтетін кездесулерде ветеринарлық анықтамаларды беру бойынша өтінімдер тым ұзақ қаралалатыны жиі айтылады. Бұл процедураға орта есеппен 7 күн кетеді. Демек, мұндай қағазбастылық экспорт дамуына теріс әсер ететіні белгілі. ҚР Премьер-министрінің шешімімен бұл салада бюрократиялық кедергілерді азайту бойынша Жұмыс тобы құрылды, демек, жуық арада процедуралық мәселелерді жеделдету үшін не қажет екенін білеміз.

Даму үшін не қажет?

– Дамудың қозғауышын табу үшін стратегия мен ресурстар қажет. Қытай мен ресейлік азық-түлік тауарларын алмастыру мақсатында жүйелі шаралар әзірленуі керек. Ресей мен Қытай сынды алпауыттармен көрші тұрудың артықшылықтары мен қауіптері бар. Иә, бұл мемлекеттердің нарығы үлкен, олар ірі тауар өндірушілер. Егер АӨК саласын тиімді дамытудың стратегиясын әзірлемесе, онда шетелден әкелінетін арзан өнімге тәуелді болып, сол тәуелділікті өсіріп жіберу қаупі бар.

Бүгінде ресурстардың көптігі табыстылықтың жалғыз ғана негізі бола алмайды. Өз агроөнеркәсіп кешенін тиімді жаңғырта алған және оның дамуына барынша оңтайлы жағдай жасай білген ел ғана жеңіске жетеді. Осы салада бізге Аргентина мен Бразилия тәжірибесі үлгі. Олардың қолында қажетті ресурстары ғана болған жоқ, бұл мемлекеттер өз агроөнеркәсіп кешендеріне тиімді жаңғырту жұмыстарын жүргізе білді. Қазақстан да осы бағытта жетістікке жете алады, ол үшін агроөнеркәсіп кешенінің басым тұстары мен маңызын түсініп, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қаржыландыруды қолжетімді ететін тиімді аграрлық саясат құру қажет.

“The Qazaq Times”