Тамыздың 11-і мен 13-і  аралығында  Алматы облысының Талғар ауданындағы ат спорты кешенінде өткен шөгеннен ІІ  Қазақстан  чемпионаты өз мәресіне жетті.

Үш күнге созылған ел біріншілігіне Оңтүстік Қазақстан облысы шөген федерациясының командасы, Ақмола облысы шөген федерациясының құрамасы, «Аққия» шөген клубы, «Әулиеата» шөген клубы, «Astana polo club» және «Almaty polo club» сынды алты команда қатысты. Осымен екінші мәрте ұйымдастырылған жарыста үшінші орын үшін таласта Әулиеата шөген клубы мен Ақмола облысы шөген федерациясының командалары өзара мықтыны анықтады. Тартысты өткен кездесуде 2-1 есебімен былтырғы чемпиондар Әулиеата шөген клубы жеңіске жетті.

Ал шешуші ақтық  сында «Astana polo club» пен «Almaty polo club» командалары чемпиондық атаққа таласты. Нәтижесінде бірнеше халықаралық ойындардың жеңімпаздары «Astana polo club» командасы алматылықтарды 6-4 есебімен тізе бүктірді. Чемпионаттың «үздік ойыншысы» номинациясы «Almaty polo club»  командасының капитаны Қуаныш Мұсабековке бұйырды. Ал, «үздік поло пони» болып «Маусым» атты сәйгүлік танылды. Биылғы чемпионаттың аудсайдерлері «Аққия» шөген клубы 5 орынға, Оңтүстік Қазақстан облысы шөген федерацисының командасы 6 орынға табан тіреді.

“The Qazaq Times”