Қытай мен Үндістан арасында 1962 жылдан бері кем дегенде 3 рет шекаралық дау туылған. Екі ел арасындағы шекара дауы тараптардың мүдде қайшылығын өршітіп отыр. Биыл маусым айында басталған Бутан-Сикким өңіріндегі 20 шақырымға созылатын шекара сызығында туылған Үндістан-Қытай әскерилерінің теке тіресі, екі елдің ғана емес, халықаралық аңыс тудырған оқиғаға айналды.

«Би-Би-Си»-дің 7 тамыздағы аталған мәселе туралы «Қытай не үшін Үндістанға әр кез сәл қарамайды?» атты сараптамасында екі елдің қазіргі жағдайын жан-жақты салыстыра келіп, 2020 жылға барғанда Үндістан әлемдегі АҚШ пен Қытайдан кейінгі үшінші өндіруші елге айналады делінген. Ал, 2030 жылға барғанда АҚШ пен Қытайдан да асып түсіп, дүние бойынша бірінші жоғары және орта дәрежелі өндіруші елге айналатындығы алға тартылған. Бұның басты себебі ретінде Үндістандағы еңбек күш пен өнім құнының барынша арзандылығы деп көрсетілді.

Сонымен бірге Үндістанда бұл дәрежеге жетудің шарт-жағдайы жан-жақты толық екені де айтылды. Айталық, Үндістан халқының 65 пайызы 35 жастан төменгілер болып саналады. Сондай-ақ, Үндістанның 2015 жылғы даму қарқыны Қытайдан 0,6 пайызға асып түскен. Тек ол ғана емес, АҚШ, Жапония, Еуропа елдерінің Үндістанмен сауда экономикалық байланысы барған сайын артып келе жатқаны да бар. Өткен айда болып өткен АҚШ, Жапония, Австралия теңіз әскери оқу-жаттығуына Үндістанның қатысуы Қытайға көрсеткен үлкен сес болды. Бұл Үндістанның одақтастарының көп екенін анық әйгіледі.

Бір белдеу бір жол жобасы. Фото: blogger.

Екі ел арасындағы кірбеңдік шекаралық дау дегеннен көрі, Оңтүстік Азиядан өтетін инвестиция ағыны мен қаржы жолына деген талас десе көбірек үйлеседі. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері Қытай даму қарқыны жағынан әлемді жалт қаратып, Азияда теңдесі жоқ алып айдаһардай әлемге құлаш ұрды. Айдаһар ысқырығы Оңтүстік Азияда бас көтерген алып үнді жұртын ұмыттырып жібере жаздаған. Алайда, соңғы жылдары Үндістанның әлем экономикасы мен өндірістегі салмағы және болашағының Қытайдан кем түспейтіндігін жұрт бірден аңғара бастады.

Тарихына көз жіберер болсақ, Үндістан мен Қытай шекарасы 1890 жылғы «Қытай, Англия, Тибет және Үндістан келісім» атты шекаралық шартта бекітілген. Бұдан бұрынғы шекаралық қақтығысты қосқанда, Қытай-Үндістан арасында 4 рет шекаралық қақтығыс жүз берген екен. Кейінгі үш реткі қақтығыс 1962 жылғы Ақсай өңірінде болған қақтығыс; 1967 жылы болған Тибет шекарасындағы жанжал; 1986 және 1987 жылы болған шекаралық дау.

1962 жылғы қақтығыс кезіндегі үнді жауынгерлері. Фото: India Today - India Today Group.

"Азаттық Азия Радиосының"  сайтында көрсетілуінше, бұлардың арасында ең көлемдісі 1962 жылы болған Ақсай өңірі қақтығысы. Бұл кездегі қақтығыс Үндістандағы ұлтшылдардың белсенділігімен өрши түскен. Соғыста Үндістан ұлтшылдары алғашқы жеңісті де қабыл алмай, Тибет шекарасынан Қытайға басып кіруді талап еткен. 22 күнге жалғасқан бұл ұрыстан кейін Қытай армиясы иелеп болған Ақсай өңірін тастап, артқа қарай 20 шақырымға дейін шегініп кетуге мәжбүр болады. Соғыстан Үндістанның 3 мың адамы қаза тапқан немесе жоғалған. 3968 адамы қолға түскен.  Мыңнан артық адамы жараланған. Ал қытайдан 722 адам қаза тауып, 1697 адамы жарақат алғаны туралы мәліметтер бар.

1962 жылы қақтығыс болған Ақсай өңірі. Фото: Wikipedia.

Осы қақтығыстан кейін екі ел арасында салқындық орнап, бұл салқындық 40 жылдан кейін ғана жадырай бастады. Үндістан тарабы Тибеттің Қытайдың бір бөлегі екенін 2003 жылы ғана мойындаған. 2006 жылы таластағы шекаралар келісімін жасасты. Алайда Үндістан жақ таластағы көптеген өңірлерге миллиондап Үндістан азаматтарын көшіріп қоныстандырған. Сонымен бірге таластағы өңірлерге Үндістан қарулы күштері мен ауыр соғыс құралдарын орналастырған. Қатысты деректерге қарағанда Үндістан мен Қытай шекарасындағы үнді әскерлері қытайлардан 3 есеге көп.

Маусым айындағы шекаралық жанжал екі ел арасындағы 4-ші реткі қақтығыс болып саналады. Қытай Қорғаныс және Сыртқы істер министрліктері Үндістанға қайта-қайта ескерту жасады. Алайда, Үндістан үкіметі де өз ескертулерін жарыса жолдап жатыр. Бұл шекаралық дау екі елдің жоғары дәрежелі келіссөзінен кейін шешім таппаса, шекаралық соғыстың туылуы бек мүмкін.

“The Qazaq Times”