Әлемде халық саны ең көп ел саналатын Қытайда көп жылдан бері демографиялық дағдарыс қалыптасып үлгерді. Елдің Азаматтық істер министрлігі жақында Қытайдың демографиялық жағдайынан бір қатар жаңа статистикаларды таратты. Бұл туралы «Шинлаң» агенттігінің ресми сайты жазды.

2015 жылы жарияланған «Қытай статистикалық жылнамасы» атты көрсеткіште ел көлемінде 15 жастан асқан бойдақтардың саны 251 млн делінген. Оның 134 миллионы ерлер, ал әйелдер саны 117 млн адам. Жыныстар арасындағы алшақтық 17 млн адамды құрайды. Демек 2015 жылдың өзінде Қытайда бас артық 17 млн бойдақ еркек бар. Сол көрсеткіште бұл алшақтық жыл өткен сайын ұлғая беретіндігі туралы айтылған. 15 жастан асқан бойдақтар саны ел халқының 18,4 пайызын құрайды.

Аталған министрлік жариялаған мәліметке қарағанда 60 жастан асқан қытайлық қарттардың саны 230 млн 800 мың адамға жеткен. Соның ішінде 150 млн 30 мың адам 65 жастан жоғары қарттар болып саналады. Бұл Қытай халқының әр бесінші адамы 60 жастан асқан қарттар екенін, ал әр үшінші адам қарт немесе орта жастан асқан адам санатында екенін білдіреді. Министрліктің берген мәліметінше, ел көлемінде 140 мың қарттар үйі бар. Алайда, осы қарттар үйінде тұратын әр бір 1000 қарт адамға 32 төсек орыннан тура келеді. Яғни, елдегі қарттар үйінің саны, қарттар үйіне тұратын қарттардың қажеттілігін толық өтей алмайды.

Өткен жылғы санақ бойынша Қытайда 460 мың жетім бала бар делінген. Олардың 88 мыңы үкіметке қарасты балалар үйінде тұрады. 2016 жылдың өзінде 19 мың баланы қытайлық және шетелдік азаматтар асырап алған.

“The Qazaq Times”