"Солтүстік Кореяның негізгі мақсаты - АҚШ-тың жеріне жаңылмай жетіп, құлайтын ядролық оқтұмсықтарды дайындау. 28 шілде күні сынақтан өткізілген "Хвасон-14" құрлықаралық баллистикалық зымыраны КХДР-дың өз мақсаты жолында үлкен жетістіктерге қол жеткізгенін көрсетеді", - деп жазады CNN ақпараттық агенттігі.

БҰҰ мен әлемнің бірнеше мемлекетінен сан түрлі ескертулер алғанына қарамастан, Солтүстік Корея осы уақытқа дейін ядролық қаруын сынақтан өткізіп келді. АҚШ өзіне қарсы ұшырылған зымырандардың сынағынан  нені үйреніп, қандай сабақ алды? Бұл туралы Бүкіләлемдік қауіпсіздік бағдарламасының жетекшісі, "Алаңдаулы ғалымдар Одағының" мүшесі David Wright-тың пікірін ұсынамыз.

"28 шілде күні ұшырылған зымыран Солтүстік Кореяның ұзақ қашықтықтарға жететін қаруы барын дәлелдеді. Ғалымдардың жүргізген есебі бойынша, 2 мың 300 км  биіктікте ұшқан зымыран стандартты траекториямен қозғалса, АҚШ-тың батыс жағалауына жетіп, Чикаго, Бостон, тіпті Нью-Йоркке соққы беруі мүмкін. Бізде зымыранның сипаттамасы туралы толық мәлімет жоқ, дегенмен қолда бар ашық деректерге қарап, Солтүстік Корея ұзақ қашықтыққа жіберілетін зымырандар жасауда көш ілгерілеген деген қорытынды шығаруға болады. Зымыранның қуаты ірі әскери базаларды жойып жібере алмаса да, қалаларды қиратуға қауқары жетеді".

Сәуір айында ұшырылған үш зымыранның  сәтсіздігі АҚШ-тың ресми өкілдері тарапынан "КХДР-да техникалық мәселелерді шешу бойынша бірқатар қиындықтар бар" деген қорытынды шығаруға мүмкіндік берген еді. Дегенмен, оның соңғы әскери қуатын көрсететін демонстрациялары Аляска мен Гавай аралдарына жететін зымырандар өндірісінің жақсы жолға қойылғанын көрсетті. Көршілес Оңтүстік Кореядағы АҚШ-тың әскери базасы мен Жапонияның жағалауына айтарлықтай зардабын тигізуге қабілетті зымырандардың сынамасы да әлем жұртшылығының көз алдында жүзеге асты. Америка Үкіметінің "Солтүстік Кореяның әрекетіне әлем болып, тосқауыл қою қажет", -  деп, барлық мемлекетті қыспаққа алып жатқаны да, оның өзіне төніп отырған қауіпті айқын сезінгендігінен сияқты.

“The Qazaq Times”