Қытай Азаттық армия деп аталатын қарулы күштерінің құрылғандығына 90 жыл толуына орай, дабыралы әскери шеру өткізді. Бұл ҚХР басшысы Ши Жинпиңнің саяси билік пен әскери биліктегі жаңа қадамын ашып көрсетті деуге болады. Бұл туралы «The Wall Street Journal» басылымы хабарлап отыр.

Қытай орталық телеарна қызметі таратқан хабарда, жексенбі күні Қытайдың солтүстік бөлек құрлық әскери бөлімдерінің бірлескен жаттығу базасында, жаңа тұрпаттағы «Dongfeng-31AG» деп аталатын құрлық аралық баллистикалық зымырандарын әскери парадта көрсеткен.

Әскери сарапшылардың қарауынша, Dongfeng-31AG зымыранын тасымалдайтын көлік жол таңдамайтын ауыр тасымал көліктер арасында ең дамытылған жаңа техника саналады. Ал, ондағы зымыран бір сәтте көп зымыранды атып шығара алады, қарсы тұру қиын. Бұл осы түрдегі бұрынғы Dongfeng-31A зымыранына қарағанда ауқымды соққы жасай алады деп қарайды АҚШ әскери істер сарапшылары. Бұрынғы Dongfeng-31A зымыраны да парадта көрсетілді. Бұл түрдегі құрлық аралық баллистикалық зымырандарды қажетті жағдайда қозғалыс үстінде де атуға болады.

Қытай төрағасы Ши Жинпиң әскери киіммен шеруді қабылдап алды. Ол парадтан кейінгі сөзінде: «Қазір әлем айтарлықтай бейбітшілікте емес», – деді. Өзінің ортаға қойған саяси ұстанымы «Қытай арманы» туралы айта келіп, Қытайдың әлемдегі әскери қуат және экономикада ылғары ел болуы керек деді. Сонымен бірге: «Біз қазір Қытай халқын тарихтағы кез-келген сәттен де анағұрлым гүлдендіруіміз, Қытай әскери қуатын тарихтағы кез-келген сәттегіден де артық нығайтуымыз керек», – деді. Әскери шеруге  ұшқыштар мен жүргізушілер, БАҚ өкілдері болып 12 мың адам қатысқан.

“The Qazaq Times”