Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевпен өткен жиналыста облыста жүзеге асырылатын жобалар туралы айтып, оларға Үкімет тарапынан қолдау көрсетуді сұрады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Оның сөзінше, Қарағанды облысында клиникалық емханаға жаңа ғимарат қажет.

"Қазіргі нысанның бөлімдері 1940-60 жылдары салынған және заманауи талаптарға сай келмейді. Қазір 300 орынға шақталған жаңа көппрофильді аурухана құрылысының сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Жер аумағы бөлінді. Республикалық бюджеттен 3 жылға қаражат бөлуді қарастыруды сұраймын. Тағы бір қордаланған мәселе – облыстық онкологиялық диспансерге жаңа ота жасау бөлігі қажет. Құрылыстың құны жобамен – 2,5 млрд теңге. Бұл мәселені шешуде де мемлекеттен көмек сұраймыз", - деді Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ, әкімнің айтуынша, Қарағанды облысында әлеуметтік тұрғын үйлер, мәдениет және бизнес нысандарын салу жоспары бар. Алайда жылу қуатының жеткіліксіздігінен оны жүзеге асыру мүмкін болмай отыр екен. Үшінші ЖЭС талап етілетін көлеммен қамтамасыз етуге дайын, тек тасымалдау үшін 2 шақырым жылу құбырларын салу қажет. Ол әлеуметтік, әкімшілік нысандарды және қаланың жаңа ауданын жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жоба қазір әзірленуде. Қажет ететін инвестиция сомасы - 12 миллиард теңге.

Бұдан бөлек, Ерлан Қошанов  бірқатар елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін де көтерген.

Айта кетейік, Ерлан Қошанов айтқан мәселелер тек Қарағанды облысында ғана емес. Әр облыста су тапшылығы, емханалардың жетіспеушілігі, жол мәселелері жетіп артылады. Ал олардың алдын алып, реттеп жатқан Үкімет өкілдері саусақпен санарлық. Тек "құрғақ" есеп беруден жаңылмаймыз.

“The Qazaq Times”