Кейбір елдер EXPO көрмесін сәтті өткізіп жатса, енді бірі көптеген шығындарға ұшыраған. EXPO өткізген елдерге қарасақ, көпшілігі табыс мәселесін екінші орынға қойып, керісінше, инвестиция тарту үшін өздерінің имиджін жақсартып, беделін күллі әлемге жар салуды мақсат етеді. Бұл құбылыс биыл энергетика көрмесін өткізіп жатқан Қазақстаннан да байқалады. 

Әзірге біз Қазақстанның EXPO үшін қанша шығынданғанын нақты айта алмаймыз. Себебі бұл көрменің жолы жеңіл болған жоқ, оған дайындық жұмыстары жемқорлық дауынан басталғанын бәріміз білеміз. Десек те Forbes Kazakhstan EXPO өткізіп жатқан Қазақстан мен оны өткізген басқа елдердің қанша қаржы жұмсағанын есептеп көріпті.

Сонымен Forbes басылымының мәліметінше, көрмені өткізуге Қазақстанның 2015-2017 жылдарға арналған бюджетінен 435 млрд теңге бөлінген. 2014 жылдан бастап 2017 жылдың наурызына дейін 543,53 млрд теңге немесе доллар эквивалентімен есептер болсақ 2 млрд доллар бөлінген.

Алдын ала божам бойынша, EXPO-2017 көрмесіне шамамен 2-3 млн адам келеді. Есеп бойынша кейбірі екі мәрте келуі мүмкін. 5 млн билет сату жоспарланған. Ал мұны шығындармен салыстыра есептер болсақ, соншалықты жоғарғы көрсеткіш емес.

EXPO өткізген басқа елдердегі жағдай қалай болды?

Мысалы шығыны көп көрмені 2000 жылы Германия өткізді.  Ганновер қаласында өткен көрмеге немістер шамамен 1,7 млрд доллар жұмсаған және 40 млн адам келеді деп күткен. Алайда 18 млн ғана адам келген.

Ал EXPO-2005-ті өткізген Жапонияның Нагоя қаласы роботтарды көрменің "тұмары" ретінде таныстырып, 3,3 млрд доллар шамасында қаражат жұмсады. 121 елдің экспозициясы ұсынылып, 6 айда 22 миллионға жуық адам келген.

EXPO-2008 Испанияның Сарагос қаласында өтіп, 1,07 млрд доллар қаржы жұмсалды. Есесіне 25 гектар жерге тек көрме қалашығының объектілері салынып қана қоймай, автокөлік және темір жол жобалары жүзеге асырылған. Көрмеге 104 ел қатысқан. Сондай-ақ, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 6 млн келушінің бірі болып, дәл осы іс-шараның Астанада ұйымдасырылу керегін айтты.

Келесі көрме 2010 жылы Қытайдың Шанхай қаласында өтті. Ресми мәлімет бойынша мемлекет 4,2 млрд доллар қаржы жұмсаған және бұл 2008 жылы елде өткен Олимпиада ойындарының шығынынан 2 есеге көп. Іс-шараға 198 ел қатысып, 70 млн адам келді. Бұл EXPO тарихындағы рекорд көрсеткіш болды.

Ал Оңтүстік Корея үкіметі Йосу қаласында өткен EXPO-2012 көрмесінің құрылысына 8,9 млрд доллар жұмсады. Көрме аумағы 250 мың шаршы метрді құрады, 100-ден аса ел өздерінің экспозициясын таныстырды. Алайда 8 миллионнан аса адам келген көрмеден қаланың жағдайы оңалып кеткен жоқ. Миллиардтаған қаржы желге ұшты.

Италияның Милан қаласында өткен EXPO-2015 көрмесінің дайындығының өзіне  1,46 млрд доллар шамасында қаржы жұмсалды. Алайда шоссе және метро бағыттарын салуға қосымша инвестиция тартылып, 14 млрд доллар жұмсалды. Көрме алаңы 1,1 млн шаршы метрді құрады. Оған 53 тематикалық және ұлттық павильондар орналасты. 147 ел қатысып, келушілердің саны 20 милионнан асты.

Ал экономикалық дағдарысқа қарамастан EXPO-ны өткізуді қолға алған Қазақстан көрме біткен соң қандай жағдайға тап болары белгісіз. Әйтеуір әрбір өткізілген энергетикалық форумда үкімет "Қазақстан жаңартылған энергетика көздерін дамытады, 2050 жылға дейін мұнайға тәуелділік болмайды" деп позитивті мәлімдемелер жасауда. Дегенмен осы айтылған сөздері жерде қалмаса болғаны.

“The Qazaq Times”