Польшаның бірнеше ірі қалаларында Жоғарғы Соттың құзыреттілігін шектейтін заң жобасының қабылдануына қарсы ереуілдер жүріп жатыр. Бұл туралы New York Times газеті мен  Euronews ақпараттық агенттігі жазады.

Заң жобасына енгізілетін өзгерістерге сәйкес, Жоғарғы Сот қызметкерлерін таңдау мемлекеттік биліктің қолына берілмек. Осыған дейін кандидаттар тәуелсіз комиссияның шешімімен сайланып келген. Бір ғана Варшава қаласының өзінде қолдарына шырақтар мен Польшаның және Еуроодақтың туын ұстаған 50 мыңға жуық адам бейбіт шеруге шықты. Ел астанасынан бөлек, наразылық шерулері Польшаның Люблин, Краков, Вроцлав, Познань, Катовица, Эльблонг, Старгард қалаларында өтіп жатыр.

Көтеріліске шығушылар: "Барлық диктатура осылай басталады. Билік әуелі, баспасөзді қадағалауды қолға алады, кейіннен сот билігін шектейді. Бүгін біз қарсылық танытпасақ, бұл ары қарай да  жалғаса береді", -деп ұрандатты.

Жаңа өзгерістер демократиялық принциптерге қайшы келетіндігін Еуроодақ та қолдап, Польшаның Президенті Анджей Жеплиньский аталған заң жобасына қол қойса, мемлекетке қарсы санкциялар енгізетіндігін хабарлаған болатын. Егер ел билігі өз  дегенінен қайтпаса, Польша Еурокомиссиядағы дауыс беру құқығынан айырылуы мүмкін.

Польшаның НАТО-дағы ең үлкен әріптесі АҚШ-тың әкімшілігі жолдаған ресми мәлімдемеде: "Кез-келген өзгерістер мен жаңашылдықтар Польшаның Конституциясы мен халықаралық шарттарға қарсы келмеуі және Сот билігінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуі керек" делінген.

“The Qazaq Times”