Өмірде өзінің өзгеше қолтаңбасын қалдырған жазушы Лью Шияубо Қытайдағы Нобель  сыйлығын алған тұңғыш адам болды. Жасыл шардың астында таусылмайтын жыр болған осы сыйлыққа ол 2010 жылы ие болған еді. Тоғыз жыл тас бұғауда ғұмыр кешкен Лью мырза өткен аптада бақилық болды. Оның өлімі аса көрнекті трагедияның белгісі және аяқталмас әңгіме болатындай. Сондай-ақ,  бұл оның өмірін табанға таптағандарға қатаң ескерту болды, деп жазады  cn.nytimes.com сайты. 

Егер қандайда бір ел өзінің ең ақ еділ адамдарын жаныштап,  оларды байлап -матаса,  ондай ел ұлы мемлекет бола алмайды. Егер бір мемлекет Лью Шияубо сияқты адамдардың аузына қақпақ қойса,  ондай ел ешқашан «алпауыт ел» бола алмайды. Адамдардың қасыретін оятқан саяси түзіліс – ол ең әлсіз саяси түзіліс.

Бұлай айту әрине Қытай елін алғабасар ел деп танып,  ол елге шаң жуытпайтындарға қышқылдау тиері даусыз. Көптеген жылдан бері  Қытай жақтаушыларында "осы бір елдің еңсе көтеріп,  әлемдегі бірінші елге айналуына  аз ғана уақыт қалды" деген көзқарастар пайда болды. Тіпті келелі істерге жеңіл-желпі болжам жасайтын сарапшылар: "АҚШ-тың GDP-і 1,86 триллион АҚШ долларына  тең,  ол жылына 2%-дық өсіммен көтеріледі. Ал,  GDP –і 1,12 триллион болған Қытайда Ішкі Жалпы Өнім құны жылына 6% өсіммен көтерілуде. Мінеки,  осылайша есептегенде,  енді он жылда Қытай АҚШ-ты басып озады", - дейді.

Дегенмен  "кейде болады-ау" деген болжамның өзі бос әңгіме болып қалатынын ескеру керек. Экономист Пауль Самулелсонның (Paul Samuelson)  1961 жылғы болжамына қараңыз: «Кеңес одағы 1984 жылдан 1997 жылға дейін АҚШ-тан озып өтеді. Жапонияның GDP -і 2000 жылы АҚШ-ты артқа тастайды. Еуропа одағы да жасыл шар экономикасының көшін бастайды» .

Ендеше Қытай мен жоғарыдағы елдерде нендей ұқсастықтар мен айырмашылықтар бар? Мысалы оншақты жылдан бері Қытай экономикасының ресми өсімі аяқ алысы баяулауда. Қазір тіпті бұл елдегі экономикадағы ілгерілеу «Тиянь- аньмынь алаңындағы қырғыншылық» дәуірінен бергі ең төменгі шекке жетті. Қытай банкінің тиімсіз кредитінің өсімі 12 жылдан бергі ең жоғарғы шекке жетті. Ал,  керісінше өндірістің өнім мөлшері 16 жылдан бергі ең төменгі нүктені көрсетіп отыр. Қытайлық еңбек күштерінің жас мөлшері қоғамға барған сайын қысым келтіруде. Бір ғана 2015 жылдың ішінде 5 миллион еңбек күші жоғалған. Былтыр Қытай алтынының сыртқа ағылыуы 640 миллиард АҚШ долларына жетсе,  Қытайдағы орта жоғары жік санатындағы адамдар үй саудасын еріккеннің ермегіне айналдыруда.

Бұлардың барлығына қарай отырып мынаны байқауға болады: Қытай мемлекеті бір жасы егделеген қарт спортшыға ұқсайды. Ол дәл өзі сияқты экономикалық тұлғалармен бірге дамудың күдір жолында тырысып келеді. Бұл экономикалық тұлғалар қат-қабат қиыншылықтар астында жылдамдықпен өсіп-жетілуге жанталасуда. Алайда,  жалға берудегі бағаның аспандауы, зауыттардағы еңбекшілерге берілетін жалақының жоғарылауы,  халық саны тепе-теңдігінің бұзылуы қатарлы факторлардан оның алға басқан қадамы тығырыққа тірелуде. Міне осыдан,  орташа деңгейдегі кіріс төмендеп кетті. Бұған қарап отырсақ,  біраз жылдар бұрын Дүниежүзілік Банктің көрсеткеніндей: «1960 жылы орташа кірісте 101 экономикалық тұлға болса,  2008 жылы жоғары кірісті экономикалық тұлға бар болғаны 13-ке тұрақтаған».

Міне осыдан Қытайды келешекте тым сүреңсіз жағдай күтіп тұрғанын аңғаруға болады: Неге олай дейміз?  Оның жауабын біз тілге тиек етіп отырған Лью Шияубо айтып бере алады.

«Қытайдың оянуы» деген айтылымға имандай ұйып жүрген кейбір батыс елдері адамдық құқық деген атымен жоқ осы бір мемлекеттің қал-жайын жақсы біледі. Сондай-ақ,  адамдық құқық ісінің ел экономикасының болашағына келіп-кетері жоқ деп ойлайды. Олардың ойынша, экономика тек капиталға сүйенеді,  әсте құн көзқарасына емес. Сондай-ақ,  Қытайдың адам құқығын шеңгелде ұстаған аталмыш саяси бағдарының артықшылықтары да баршылық. Осы артықшылықтардың арқасында Қытай елі демократияны жолға қойып отырған кейбір мемлекеттердің ойына кіріп  шықпаған жетістіктерге жетті деп санайды.

Бұл бір тым ғажап көзқарас. Шеңгеліне алушы әрине белгілі мезеттерде бай болуы бек мүмкін. Алайда, олар тарихтан бері ешқашан заманға сай болмаған. Бірте-бірте ондай жерде жын-жыбыр салтанат құра бастайды. Экономиканы саясатпен тізгіндеу дегеніміз - іс жүзінде шіріктесу мен капитал байланысын ажырата алмаудан туындаған күлкілі дүние. Күні бүгінге дейін Бейжің әлі де экономиканы мемлекетінің жарнамасы ретінде бетке ұстаумен келеді. Атағынан ат үркетін сандық статистикаларды көрсетіп бір қателессе,  дамудың өзін ел арманының символына балап екі қателесіп отыр.

Мұндай көзқарастың өзекті қателігі сол – құн көзқарасының біртүрлі капитал екенін ажырата білмеуде жатыр.

«Бәсекелестік туралы философияны»  жоққа шығару  – шын мәнінде адамдар арасындағы қарсыластық танымды, кектенуді жоққа шығару. Бұл Лью Шияубоның сот залында жазған сөзі еді. Оның осы сөзі кейін ол Нобель сыйлығын алғандағы құттықтау сөзіне айналған еді (Ол  Нобель сыйлығының сахнасына келе алмаған. Себебі түрмеде еді. Сондағы адамдар осыны айтып өлеңдетіп,  оған құрмет білдірген болатын) .

Ол тағы да былай деген еді: «Реформа жасап, есік ашу үшін елдің іші-сыртында жанға жайлы орта қалыптастыру керек. Адамдар арасындағы құрмет пен сүйіспеншілікті қалпына келтіріп,  тең болмаған мүдделер мен құн көзқарастарын теңестіру үшін,  адамдар мейірімін ояту керек. Сонда ғана ел-жұрттың жасампаздық күшінің дамуы мен адамгершілік орнына келіп,  нағыз адамдық қасиетті таба аламыз».

Адамның жасампаздық күші тек еркіндікке сүйенеді. Әрқандай жаңалық бәсекелер мен қайшлықтар арасында барлыққа келеді. Әрі жаңалық атаулының бәрі қоғам мен заңның шектеуіне ұшырамайды. Жалпы экономика әлемі жаңаша арнаға бетін бұрған бүгінгі таңда  оның еркіндікке қатысты талабы тіпті күшейе түсуде. Пайдалы ақпараттар мен қажетті ақпараттар арасындағы айырмашылықты мүмкіндігінше азайту керек. Экономикадағы керекті ақпарат деп жүргендердің көбі іс жүзінде саяси ақпарат саналады. Оның экономика дамуына келтірер залалын мөлшерлеу аса қиын.

Лью Шияубо былай түсінетін: «Саяси реформа жасалмайынша,  Қытайдың экономикасы күндердің бірінде күйрейді». Көреген жазушы алысты болжаған осы бір ауыз сөзі үшін түрменің түбіне кеткен еді. «Біздің қазіргі түзілісіміз оңалмаса болмайтындай,  аяқ алып жүргісіз ауыр деңгейге жетті» деп аттандаған болатын ол.

Елін ғана емес,  күллі дүние халқының еркіндігі мен адамзат санасының дамуы жайлы шыр-пыр болған тау тұлға бұл дүниеден өткенде де,  өз көлеңкесінен қорыққан Бейжің ол жайлы жазылымдардың бәріне шектеу қойып жатқанда,  оны ақтаушылар ғаламтор әлемінде оған аза білдірген еді. Wall Street Journal-дың тілшісі Николь Хуңгтың (Nicole Hong) қолына қалам ат қолданып жазған белгісіз бір әділетшіл азаматтың өлеңі ілінген еді. Қытайдағы ақ жүректі ақиқат сүйер қауым,  сіздер де оқыңыздар:

«Топырақпен батырды басты халық,

Тамыры оның өнеді тасты жарып».

Мінеки,  бұл  cn.nytimes.com  сайты мен Wall Street Journal- ында жарияланған мақала. Әлемде әсіресе ширек ғасырдан бері талай елді шаң қаптырып,  әлемдік нарықта, саяси ырықтылқықта алдыңғы орынға көтеріліп үлгерген Қытай елінің ішкі саясаты мен адамдық құқыққа қарата ұстанған түзілістері күн өткен сайын сарапшылар мен ақпарат дүниесінің жиі баратын тақырыбына айналуда. Әсіресе,  тарихы тым тереңде жатқан осы елден Нобель  сыйлығын алған санаулы ғана адамдар жайлы күллі дүние аса көп жазылымдар жариялаған. Бір қызығы,  бір жарым миллиард халықтан жалғыз әрі тұңғыш болып Нобель сыйлығын алған жазушы Лью шияубоның өлімі онсыз да жанғалы тұрған отқа май құйғандай болғаны даусыз. Өз елі өзекке тепкенімен, өзге елдерге рухы таудай биік тұлға саналған,  тағдыры тым қилы жазушы жөнінде сайтымызда өткен аптада  көлемді мақала жариялауымыз -Қытай жүйесінің құлдырауына қарап, ел билігінің барометрі болған Лю Шияубо секілді болашаққа енді қадам басып келе жатқан адамдардың  өз елімізде де бар екендігін ескергендігіміз. Әрі олардың  тағдыры туралы ойланып,  ел ертеңіне не істеп бере алатынын, дұрысы, не істете алатынмыз турасындағы күмәнді көзқарасымызды жасыра алмағандығымыз.

“The Qazaq Times”