Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Ұлыбритания Біріккен Корольдігі мен Солтүстік Ирландияның Сауда және инвестициялар министрі Грег Хэндспен кездесті, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі. 

Министрліктің мәліметінше, Ұлыбритания - тауар айналымы бойынша Қазақстанның ең ірі 10 серіктесінің қатарына кіреді, сондай-ақ, Қазақстанға ең көп инвестиция әкелетін үздік алты елдің қатарында. Ұлыбритания соңғы 12 жыл ішінде Қазақстанға жалпы көлемі 12,1 млрд долларды құрайтын тікелей инвестиция салған (2005 жылдан 2017 жылдың бірінші тоқсанына дейінгі көрсеткіш бойынша тікелей инвестиция көлемі 12 278,2 млн АҚШ долларын құрайды). Бұл - Қазақстанға тартылған жалпы шетелдік инвестицияның 5%-ы.

Ал 2017 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымы 422,6 млн АҚШ долларын құрады. Бұл 2016 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 26,6%-ға жоғары (333,7 млн АҚШ доллары)

Сондай-ақ, ездесуде Қытай-Қазақстан-Ұлыбритания арасын байланыстыратын «Ұлы Жібек жолы» экономикалық белдеуін жүзеге асыруда бірлесіп жұмыс атқару үшін үшжақты келісім орнату мәселесі сөз болды.

Қазіргі кезде Қазақстан территориясы арқылы Қытай мен Еуропаның арасында 15 транзиттік контейнерлік пойыз жүреді. Өткен жылы «Қытай-Еуропа-Қытай» бағытындағы транзиттік контейнерлер тасымалы 104,5 мыңға жетіп, 2015 жылмен салыстырғанда екі есеге артқан (49,9 мың контейнер).