ТЫВАЛАР –  Тыва Респуб­ликасының байырғы халқы. Сойондар, сойоттар, урянхайлар, танну-тувиндер деп әрқалай аталып келген.  Тывалардың этногенезінде Орталық Азиядағы түркі тілдес топтардың ықпалы басым. Тыва-тожиндер самодилер мен кеттер тобының түркі тілдес халықтармен араласуынан шыққан.  Ұлттық тағамдары ет пен сүттен жасалады. Сиыр мен бұғы сүтінен жаз кезінде айран, құрт, ірімшік даярлайды. Негізгі тағамдары – ет. Тывалардың баспанасы – кидисег деп аталатын киіз үй. Чум деп аталатын баспананы да қолданған. Үй жиһазы оюлап әшекейленген ағаш төсек, абдыра, ыдыс-аяқ, оюлы тері торсықтардан құралады. Ұлттық спорт өнерінің ішінде ең көп тарағаны – палуандар күресі. Халықтық өнерден бұға-шатра, черги-шатра, тугул-шатра секілді есепке негізделген, ой-өрісті дамытуда маңызы бар тақта ойыны кең тараған. Тыва жазба әдебиеті 1930 ж. ұлттық әліпби қабылданған соң дами бастады. Тывалардың музыка өнерінің негізін әр алуан тұрмыс-салт жырлары, лирик. әндер, күлдіргі частушкалар, көмеймен айтылатын сығыт, қарғыра, хормей секілді халық әндері, сондай-ақ эпикалық сарындағы жырлар, аспапта орындалатын саздар құрайды. Кең тараған музыка аспаптары шекті-ысқышты – допшулуур, бызанчы, игил; іліп тартатын аспаптар – чадаған, шанзы, шелер-хомус, кулузун-хомус, демир хомус; үрлемелі аспаптар –
мургу мен шоор. Ламалар мен бақсылардың үрлемелі сазды аспаптарына бурээ, бушкуур, тун жатады. Соқпалы аспаптары – шан, конча, дамбра, кенгирге, дунгур. Ел аралап, өнер көрсететін әнші-жыршы, сазгерлер ұлттық музыка мәдениетінің дамуын жалғастырды.

Бүгінде Тывалар Республика атанғанымен Ресей федерациясына тәуелді. Көне көшпелілік мәдениеттен гөрі орыс мәдениеті дендеп барады.

“The Qazaq Times”