Астанада  жекеменшік балабақша саны мемлекеттік бақша санынан асып түскен. Қазіргі уақытта қалада мектепке дейінгі 263 мекеме жұмыс істейді, оның ішінде 96 мемлекеттік, 2 ведомстволық және 116 жеке, 49 шағын орта  бар, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қалалық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ануар Жанғозиннің сөзінше, қазір астаналық бақшаларға 46 062 бала барады. Олардың 27 193-і мемлекеттік, 14 854-і жеке бақшаға барады. Шамамен 6 мың бүлдіршін шағын орталыққа және мектепке дейінгі мекемелерге (мектепке даярлық орталықтары) барады екен.

А. Жанғозиннің сөзіне қарағанда, мектепке дейінгі балалардың саны туу және көші-қон  көрсеткішінің өсуіне байланысты артуда. Қазір Астанада балабақша кезегінде тұрған 33 мыңнан астам бала бар. Ал күнделікті шамамен 90 бала (60-70 сәби туады) және көші-қон есебінен 20 бала балабақша кезегіне тұрады.

Білім басқармасы жыл сайын мемлекеттік тапсырыспен 10 мың орындық жеке бақша ашуды қолға алған. Осылайша 2019 жылдың соңына дейін мектепке дейінгі балаларды  бақшамен қамту жоспарлануда. Ол үшін 30 мың орынға арналған 200-ден астам балабақша ашу көзделіп отыр.

«Мемлекеттік тапсырыс 16 мың теңгеден 23 мың теңгеге дейін артты. Күн сайын жеке балабақшаға жолдама алатын бүлдіршіндердің саны артуда. Біз бұл көрсеткішті 10 мыңға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз», - деді А. Жанғозин.

 “The Qazaq Times”